Билет бес минутта сатылып кетеді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Билет дауы ушығып тұр. Сатылым басталғаннанақ бір вагонның билеті 5 минутқа жетпей, қасқағым сәтте сатылып кетіп жатыр. Вокзал маңында делдалдардың да дәурені жүріп тұр. Билетті екі есе, үш есе бағасына сатып ұсталғандар бар.

Ақтөбе теміржол вокзалының басшысы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы үнемі бақылауда екенін айтады. Мамандар вагон тапшылығынан сұраныстағы билет қажеттілігін толық деңгейде қамтамасыз ете алмай отырғанын жасырмайды.

«Қазір жазғы демалыс маусымы болған соң билет тапшылығы бар. Оны мойындаймыз. Алматы, Маңғыстауға билет сұрап жатқандар, кезекке тұрғандар көп, орын аз. Жүк тасымалы қызметі әр пойызға күніне 1-2 вагоннан қосымша тіркеп отыр. Бірақ ол да қажеттілікті толық қамтамасыз етіп отырған жоқ. Мүмкіндігінше жағдай жасалып жатыр. Жасыратыны жоқ, бірақ вагон бәріне бірдей жетпейді. Өзіңіз қарай беріңіз, мына адамдардың барлығы қазір билет аңдып отыр. Бір вагонның билеттері 5 минутта сатылып кетеді. Вокзал біреу болғанымен жеке кассалар көп және электронды сатып алушылар бар. Сол себепті орындар тез сатылады», – дейді Ақтөбе теміржол вокзалының басшысы Тойбазар Қуанышев.

Қазіргі уақытта жолаушылар тасымалында 5 касса және жеке 9 касса жұмыс жасап тұр. Жазғы уақытта қызмет көрсету кассалары да көбейеді. Кассада бұрынғыдай кезек те жоқ.

«Кешегі Арыс оқиғасы жаздың қарбаласқан уақытында болғанын білесіздер. Вокзал мамандары уақытпен санаспай Арыс жағдайына қатысты барлық жағдайды жасады. Алматыдан, Шымкенттен автобуспен жеткізілген жолаушылар Атырау, Маңғыстауға қарай пойызға отырғызылды. Бір рейсте 30 адам болса, екіншісінде 40, тіпті 60 адамға дейін жайлаған кездеріміз болды. Тегін қонақ үй, тамақ берілді. Жолаушылардың барлығына қосымша пойыздар сұрап, барлығы орналастырылып, діттеген жерлеріне жөнелтілді. Осы жағдайда аяғынан тік тұрып жұмыс жасаған қызметкерлеріме алғыс айттым. Олар кезекшіліктерімен санаспай жұмысқа шығып, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасады», – дейді Тойбазар Қуанышев.

Вокзал бастығы қазіргі уақытта вокзалда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен де таныстырды. Ғимараттың ішкі-сыртқы беті қалыпқа келтіріліп жатыр екен.

«Санитар мамандардың талабымен жоғарғы қабаттарға жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұрын жоғарғы қабаттардың едені линолеум болатын. Қазір кафель төсеп жатырмыз. Жаңа талап бойынша вокзалда линолеум болмайды. Ақтау, сырлау, жылу құбырларын ауыстыру секілді ұсақ-түйек шаруаларды да атқарып отырмыз», – дейді ол.

Өкініштісі, мамандардың араласуымен пойызға билет сатып жүрген делдалдар да анықталған. Сараптамалық кеңестің мүшелері жолаушылар тасымалы саласының жағдайына мониторинг жүргізуде екен. «Олар 4 мың теңгенің билетін сатып алу үшін қосымша 8 мың теңге сұраған. Яғни, кассаларда билет болмаған кезде олар өз қызметтерін ұсынады», – деді сарапшылар.

Айта кетейік, кейін «Алматы-Орал» бағыты бойынша Алға станциясынан Ақтөбеге дейін және «Ақтөбе-Атырау» бағыты бойынша Алға станциясынан Ақкемер станциясына дейін бір адам үшін 500 теңге көлемінде сыйақы төлеп, билетсіз жүруге болатыны да анықталды. Қазір барлық факті бойынша тексеру жүріп жатыр.