Жаңа жылға - қосымша вагондар

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Биыл Жаңа жыл қарсаңында ел бойынша 30 мыңға жуық жолаушыны жолаушылар тасымалы қызметімен қамту жоспарланып отыр. Қалыптасып отырған пандемиялық жағдайға қарамастан қазір елімізде қолданыстағы 156 жұп жолаушылар пойызының 117-сі тұрақты қатынауда. 

«Қазақстан темір жолы» компаниясы жылдағы дәстүр бойынша жаңа жыл қарсаңында әдеттегіден бірнеше ретке өсетін жолаушылар тасымалының ағынына дайындалып жатыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Министрліктің хабарлауынша, жаңа жылдық мереке тұсында пойыздарға қосымша вагондар қосылады. Қазір Қазақстанда қолданыстағы 156 жұп жолаушылар пойызының ішінара жүрісіне тыйым салынғанымен, 117 жолаушы пойызы жолаушы игілігіне қызмет етуде. Әрине, бірқатар пойыздарға шектеу коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеуге байланысты қабылданған. Алайда, 2020 жылдың 26 желтоқсанынан бастап 2021 жылдың 5 қаңтар аралығындағы жаңа жылдық кезеңде жолаушыларды тасымалдау үшін 704 қосымша вагон тіркемесі қамтамасыз етіледі. Осылайша, 30 мыңға жуық жолаушыны қосымша қамту жоспарланып отыр.

Атап айтсақ, қосымша вагондар келесі бағыттар бойынша пойыздарға қосылады: Нұр-Сұлтан – Алматы, Маңғыстау, Атырау, Сарыағаш, Арқалық, Семей, Петропавл және Павлодар, Алматы – Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Сарыағаш, Өскемен, Жезқазған және Орал, Павлодар – Пресногорьковская, Қызылорда – Семей, Ақтөбе – Атырау.

«Жолаушы тасымалы» компаниясы жаңа жыл қарсаңында жол жүретін барлық жолаушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін барлық мүмкіндікті жасайды, сонымен қатар тасымалдаушылар сақтық шараларын толық сақтау жодарын қолға алған және жолаушылардан да қауіпсіздік сақтауды талап етеді.