Таразда жағдай тұрақталды

Жасулан Сейлханов

Жасулан Сейлханов

Арыс қаласындағы жұртты әбігерге салған төтенше жағдай еліміздің батыс, оңтүстік, шығыс аумағындағы темір жол қозғалысына да өз кесірін тигізбей қоймады. Өйткені, Арыс – оңтүстіктегі ең негізгі тораптық нысандардың бірі.

Салдарынан шығыстан, солтүстіктен батысқа бет алған бірқатар пойыздардың Тараз темір жол станциясында бөгеліп, кестеден кешігуіне тура келді. Апат орын алған күні Түркістан облысына Тараз темір жол бекеті арқылы өтетін Көкшетау-Қызылорда, Павлодар-Қызылорда, Семей-Қызылорда бағытындағы үш пойыз тоқтатылды.

Өзге өңірлердегідей Таразда да шұғыл жұмыс тобы құрылып, Жамбыл облыстық «Апаттар медицинасы орталығының» мамандары медициналық тексеру жүргізу және дәрігерлік көмекке мұқтаж жолаушыларға көмек көрсету мақсатында тоқтап тұрған пойыздардың ішін аралап, 15 адамға медициналық көмек көрсетті.

Жергілікті темір жол вокзалы басшылығының мәліметінше, аталған үш пойыздан түскен жолаушылар саны шамамен 2500 адамды құраған. Облыс әкімдігі мен қала билігі Қызылорда мен Шымкент бағытына Сетра, Мерседес-Спринтер автобустарын ұйымдастырып бергенімен, жолаушылар ішінде автобусқа сыймай немесе ақшасы жетпей қалғандары да болды. Әрине, «Жол азабын жүрген білер» демекші, күннің ыстығында жолдан арып-ашып келе жатқан жолаушылардың қандай талабы болса да орындауға тырысты тараздықтар. Көбі билеттің пұлын қайтарып беруді талап етіп, 24 маусым күні кеш қарая темір жол вокзалында билеттерін қайтарып алу үшін касса алдына жиналған ел қарасы күрт көбейді. 

Дегенмен, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Б.Ақшаловтың ұйытқы болуымен автобустарға мінуге мүмкіндігі жоқ жолаушылар үшін шұғыл түрде Тараз-Шымкент бағытында пойыз ұйымдастырылып, адамдарды тегін отырғызды. Бөлімше директоры қайткен күнде де Тараздың бекетінде бірде-бір жолаушының қалып кетпейтініне сендіріп, өз құзыреті шеңберінде қолдан келгеннің бәрін жасады.

Ал бүгін темір жол қызметінің анықтама бюросына хабарласқанымызда дәл қазір пойыздар Шымкент қаласынан кері қайтып жатқанын жеткізді. Дегенмен, Тараз вокзалында да қазір алдыңғы күндегідей сапырылысқан көп адам жоқ.

Жалпы, Жамбыл жұртшылығы жұдырықтай жұмылып, жарылыстан зардап шеккен қалаға көмек қолын созып, ақшалай да, азық-түлік, тұрмыстық заттар түрінде де көмек беруді жалғастырып жатыр. Бұл сауапты істе 12 мыңға жуық жамбылдық теміржолшының да үлесі қомақты.