ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері қазақ-қытай шекаралық өткеліндегі жағдайды бағалау үшін Достық станциясына барды.
Бұл сапарға «Атамекен» ҰКП өкілдері, ірі жүк жөнелтушілер, вагондар мен контейнерлер операторлары және экспедиторлар да қатысты. Еске сала кетсек, қытай тарапы коронавирустық инфекция пандемиясының алдын алу үшін карантиндік шараларды күшейтіп, пойыздарды қабылдауға шектеу қойған болатын. Соның салдарынан елімізде ҚХР бағытында жүк вагондарының ұзақ уақыт тұрып қалу мәселесі туындаған еді. Шекара өткелі Достық – Алашанькоу бойынша жүк пойыздарын тәулік сайын өткізу орташа 8-12 бірліктен аспай отыр, қажет болған жағдайда 18 бірлікті құрайды. Осыған байланысты, күн сайын ҚХР бағытында жүк тиелген 7 мыңнан астам вагон тасымалдаумен қамтамасыз етілмей, тоқтап тұр.
Сапар барысында қатысушыларға Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтетін және кесте бойынша келген екі пойызда контейнерлерді қайта тиеу, жүктерді қабылдау және жөнелту процесі көрсетілді.
Сондай-ақ, «Достық» ШБҚ шекара қызметінің, станцияда қайта тиеу процесін жүзеге асыратын вагондар мен объектілердің орнын ауыстыру пунктінің жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар, «ЕвроТранзит», «ЕвроТрансГрупп» және «ДостыкТрансТерминал» кәсіпорындарының қайта тиеу терминалдарын салу жобалары таныстырылды.
Тексеру қорытындысы бойынша Көлік комитеті төрағасының орынбасары Ж.Тайжановтың төрағалығымен кеңес өтіп, шекарада қалыптасқан жағдайды шешу үшін бірқатар шаралар қарастырылып, талқыланды. Достық станциясының жұмысымен танысқан бизнес өкілдері Қытай еліне жүктерді тапсыру кезінде қазақстандық тарапта шектеулердің жоқтығына және ҚХР Алашанькоу станциясы бойынша енгізген шектеулерді алып тастаған жағдайда «ҚТЖ» ҰК» АҚ жүк пойыздарын жеткізу көлемін тәулігіне 18 жұпқа дейін ұлғайтуға дайын екендіктеріне көз жеткізді.