Жолаушылар түсіністікпен қабылдады

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе теміржол вокзалы тыныш. Даурығып, шу көтеріп жатқан жолаушы жоқ. Себебі, Арыстағы төтенше жағдайға байланысты өңірде де бірнеше пойыздың қозғалысы тоқтатылды.

Вокзал басшылығы тарапынан кідірген жолаушыларға барлық жағдай жасалынып жатыр. Жолаушылардың жатын орны, ішіп-жейтін асына дейін ұйымдастырылған.

«Арыс оқиғасына қатысты барлық теміржол қызметі жаңа кестемен жұмыс жасап жатыр. Қатынас Жезқазған, Шу, Сексеуіл бағыты арқылы ұйымдастырылуда. №8, №24, №34, №18, №6 пойыздардың барлығында жағдай осы. Оқиға болған 24 маусым күні №34 пойызда 13 сағатқа дейін кешігу болды. Кейбір пойыздар 7-8 сағатқа кідірді. Арыс станциясының қашан ашылатынын біз әлі білмейміз. Ол жерлерде арнайы саперлар жұмыс жасап жатыр деседі. Бірақ жолаушылар үшін барлық мүмкіндікті жасап жатқан ҚТЖ компаниясына халық риза. Мынау неге мынадай деп ұрыс-керіс шығарған ешкім болған жоқ, бәрі түсіністікпен қабылдауда», – дейді Ақтөбе теміржол вокзалының басшысы Тойбазар Махамбетұлы.

Жолаушылар жолға шығудан бас тартып жатса, билет пұлы жүз пайыз қайтарылуда екен. Сонымен қатар, қарттар, балаларға және басқа жақтан қатынаған жолаушыларға қонақ үйден орын берілуде. Зат сақтау қоймалары да тегін қызмет етіп жатыр. Пойыздардың кешігіп келетінін немесе жолға шығатынын вокзалдағылар алдын ала хабарлап отыр. Түсіндіру жұмыстары қоса жүргізіліп жатыр.