Заңбұзушылық дерегі азайғанмен...

Динара Желдібаева

Динара Желдібаева

«Қазақстан темір жолы» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Алматы аймағындағы өкілдігінің жұмысы қашан да қауырт. Аты айтып тұрғандай, мұндағы мамандар қауіпсіздік мәселесіне жауапты. Тынымсыз тексеріс барысында қандай да бір ақау тіркелсе, оның себебі мен салдарына дейін анықталмай іс бітпейді. Таяуда алматылық ревизорлар ағымдағы жылдың өткен он бір айының қорытынды есебін жариялады. 

Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Алматы телімі бойынша аймақтық бас ревизоры Мейрамбек Серікбаевтың мәліметінше, он бір айда 449 тексеріс өткен. Бұл көрсеткіш былтыр 380 болған. Нәтижесінде нормативті техникалық құжатты енгізу кезінде және техникалық өнім мен жылжымалы құрамды қадағалау барысында 7766 (2019 жылы – 10278) заңсыздық анықталыпты. Нәтижесінде 24 локомотивті пайдалануға беру жұмысы: 10-ы жөндеуден, 13-і эксплуатациядан, өрт қауіпсіздігі бойынша – 1, сондай-ақ 3 арнайы өзі жүретін жылжымалы құрамды да пайдалану тоқтатылған. 22 жүк вагоны, 1 жолаушы вагоны да ақаулықтарына байланысты эксплуатациядан тыс қалған. Мұнымен қоса, 23 станция жолы, 52 бұрмалы жол жабылса, 272 жылдамдықты шектеу дерегі тіркелген. 

– Тексеріс кезінде технологиялық процестердің дұрыс не бұрыс жүргізілуіне мән береміз. Алайда, қателік кездеспей тұрмайды. Егер анықтасақ, оны бір ай ішінде сараптамадан өткіземіз. Әуелгі кезде жоспарлы тексеру жүргізіледі. Нақты бір кемшілік табылса, одан кейін мақсатты тексеруге шығамыз. Тіпті, мұның ізін суытпай қайта бақылау тексерісі, түнгі тексеріс те жүзеге асады. 

Бұған аяқ астынан жүргізілетін тексерісті қосыңыз. Бұл көбінесе демалыс, мереке күндері ұйымдастырылады. 

Себебі, бұл күндері кейбір жауапты мамандар «ешкім тексермейді» деп жайбарақаттыққа салынады.

Технологиялық процесс бойынша уақытты үнемдеп, пойызды дұрыс қарамай, немкеттілік танытады. Әр жұмыстың өз техникалық процесі, уақыты болады. Кейде соны уақытынан ертерек немесе кеш қарайды, тіпті қарамауы да мүмкін. Мұның соңы көпке ұзамай, ақау шығып, апатты жағдайдың тіркелуіне алып келеді, – дейді аймақтың бас ревизоры. 

Жалпы, көрсеткішке көз салсақ, биылғы жылдың он бір айында былтырғы жылмен салыстырғанда заңбұзушылық дерегі азайғанын көреміз. Пойыз қозғалысы мен тасымалдау процесі кезінде 12 заңсыздық әрекетке жол берілгенмен, аталған бөлімше бұл жылды алдыңғы жылға қарағанда ешқандай апатсыз аяқтап отыр.

– Биыл жағдай жаман емес, әлгіндей жағымсыз оқиғалар 7-ден 4-ке кемісе, заңбұзушылық дерек 21-ден 12-ге азайды. Бірқатар шаруашылықтар бойынша ешқандай оқыс оқиға тіркелген жоқ. Былтыр 24 жергілікті комиссиялық тексеріс болмаса, биыл 17 тексеріс жүргізілген жоқ. Сол сияқты технологиялық процесс кестесін жасау да қажет деп табылмады. Дегенмен, ревизорлық көрсеткіш кітабына кемшіліктер тіркеліп, 237 ескерту жазылды. Былтыр бұл 281 болған.

Шаруашылықтар бойынша жіктесек: тасымалдау – 76, жүк бойынша – 7, локомотив шаруашылығында – 17, вагон – 26, жолаушылар тасымалына қатысты – 12, жол шаруашылығында – 54, сигналдау және байланыс саласы бойынша – 16, электрмен жабдықтауда 29 ескерту жарияланды, – деп мәлімет келтірген бас ревизор кейде пойыздарды дер кезінде тексермеу салдарынан кешігу жағдайы тіркелетінін де жасырмайды. Бұл жағдай Жетіген, Ақтоғай, Алтынкөл, Матай, Үштөбе станцияларында орын алған. Сол сияқты «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалы мен "Вагонсервис" АҚ филиалында бір-бірден оқиға тіркеліпті.

– Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысына үңілсек, жоғарыда айтылған ақаудың негізгі себептері мыналар: жұмысшылардың білім мен білігінің төмендігі, маневр жұмыстары кезінде технологиялық тәртіптің сақталмауы, станция қызметкерлерінің өз міндетін дұрыс орындамауы, желілік және аймақтық басшылардың станция қызметкерлерімен бірлесіп алдын алу шараларын жеткіліксіз жүргізілуі және қауіпсіздік бойынша заңсыздықтардың себебін анықтамау және мақсатты жұмыстарды сапалы бақылаудың жоқтығы, – дейді аймақтық бас ревизор.

Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Алматы аймағындағы өкілдігі әрбір кемшілік пен ақаудың неден туындағанын анықтап қана қоймай, себеп-салдарын да зерттейді. Сол сияқты қай салада қандай қателік болса, келесі жолы қайталанбас үшін сол салаға көбірек көңіл аударады. Мәселен, былтыр маневр кезінде қателік көп тіркеліп, биыл сол салаға жіті назар аударылған.

«Әрине, бәрібір адами фактор болады. Бұл – заңдылық. Акт толтырып, оларға тапсырма береміз. Кейін оның хаттамасын алып, жасады ма, жоқ па, қайта бақылау тексерісінде айналып соғамыз. Егер кемшілікті жоймаса, «жүйелі заңсыздық» деп жазып, қатаң сөгіс береміз», – деп түйіндеді сөзін Мейрамбек Өмірбекұлы.