Түркістан теміржол вокзалы қонақжай пейілмен қарсы алады

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Тоғыз жолдың торабына орналасқан Ұлы Жібек жолының байырғы жүлгесі саналатын Түркістан теміржол вокзалының жұмысы қалыпты жұмыс істеп тұр. Алты айлық тәжтажал індетіне қарамастан республикаішілік бағдарларға шығатын жолаушылар пойыздары кестеге сай жүруде. 

Бүгінгі таңда Түркістан теміржол вокзалы арқылы он жұп жолаушылар пойызы республиканың барлық өңірлеріне қатынайды. Алайда, жылдағыдай жолаушыларға Жаңа жыл алдындағы жеңілдіктер биыл қарастырылмаған сыңайлы. 

Түркістан теміржол вокзалының бастығы Қанат Сайдулдаевтың айтуынша, Түркістанның бас қақпасы саналатын теміржол вокзалының қала әкімдігінің балансына өтіп, кешен маңын абаттандыру, бас кеңсені күрделі жөндеуден өткізу, барша техникалық қызметтер көрсету жайы жақсарған. Түркі жұртының рухани астанасына айналып келе жатқан Түркістанның жасарып жаңғыруына теміржолшылар да сүбелі үлестерін қосып келеді. Орта Азияға тартылған биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткен Түркістан-Сібір теміржолының бастауында тұрған тораптың болашағы жарқын. Түркістанға ат басын бұрған жолаушыны киелі шаһардың вокзал ұжымы қонақжай пейілмен қарсы алады.