3 баламен жесір қалған маңғыстаулық жас келіншек ҚТЖ-ға жұмысқа қабылданды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Теміржолда еңбек ететін отағасынан айрылып, шиеттей үш баламен жесір қалған маңғыстаулық жас келіншек Әйгерім Есқалиеваға жуырда жергілікті теміржол басшылығы тарапынан тосынсый жасалды. 

Ұлттық компанияның қолдауымен жас ана теміржол саласына тұрақты жұмысқа қабылданды. Әйгерім – осы жылдың қазан айында ажал арамыздан алып кеткен пойыз диспетчері Абзал Ізімбергеновтің жары. Абзал небәрі 34 жаста еді. Диспетчерлік басқаруды орталықтандыруға байланысты түбектен Ақтөбеге кеткен диспетчерлердің бірі. Ол сол жақта өмірден озды. Артында әлі 1 жасқа да тола қоймаған ұлы Қайнар мен 7 жастағы Раушан және 10 жастағы тұңғышы Рауан қалды... 

 Қасқағымда азаматынан айрылған жас келіншектің тағдыры теміржол басшыларын алаңдатпай қоймады. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директоры Нәжімеден Ғұбашовтың бастамасымен Абзалдың жарын жұмысқа алу туралы жоғарыға ұсыныс хат жолданып, Әйгерім Басқарма төрағасының орынбасары С.Әбденовтің қолдауымен Бейнеу станциясына басқару ақпараттар жүйесінің операторы болып жұмысқа қабылданды. Жағымды жаңалықты естіген келіншек өз құлағына сенерсенбесін білмей, жылап алып, міне, алғашқы жұмыс күнін бастады. 

 − Бұрын мұнай саласында білім алғам, 1-2 жыл тиіп қашып жұмыс істегенім болмаса тұрақты жұмыс болмады. Осы жылы жолдасымның кеңесімен қосымша Ақтөбедегі теміржол колледжіне түскенмін. 

Теміржолдан жұмыс ұсынып, шақырғанда қатты қуандым. Қолдау көрсеткендерге алғысым шексіз, сенімдерін ақтауға тырысамын. Енді мен балаларым үшін мықты болуға, барымды салып жұмыс жасауға тиіспін. Олар – жолдасымның маған аманаты. Ол осы теміржолдың арқасында бізді ешнәрседен тарықтырмай асырады, – деді Әйгерім Есқалиева. 

«Орнында бар оңалар» дейді қазақ, түбектік теміржолшылар ертең-ақ Әйгерімнің ұлдары ер жетіп, әкесінің орнын басып қатарға қосылатын күн туарына сенеді.