63-жастағы нұсқаушы инструктор зейнет демалысына шықты

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Жем локомотив пайдалану депосының нұсқаушысы Сәулет Аманжолов зейнет демалысына шықты. Ғұмырының қырық жылын осы салаға арнаған теміржолшы 63 жасқа толып отыр.

Теміржолшы мамандығы – Аманжоловтар әулетінің атадан балаға жалғасқан кәсібі. Саналы ғұмырының ширек ғасырын болат жолға арнаған еңбек майталманын иық тіресе еңбек еткен әріптестері құрметпен зейнетке шығарып салды. 

«Депо тарихында 63 жасқа дейін нұсқаушы инструктор болып еңбек ететіндер саусақпен санарлық. Сәулет ағамыз жауапкершілігі ауыр қызметте 43 жыл еңбек етті. Бар ғұмырын теміржол саласының өркендеуіне сарп етті. Теміржолшылар династиясында тәрбие алған ағамыздың әкесі де кезінде үлгілі машинистердің бірі болды. Сәулет Нұрлыбайұлы әке жолын абыроймен жалғады. Жастарымызға үлгі болған осындай әріптеске құрмет көрсету – біздің міндет», – деді Жем локомотив пайдалану депосының басшысы Дәулетқали Жалмұхамбетов. 

Сәулет Аманжолов 1957 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ембі қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын тепловоз машинисінің көмекшісі қызметінен бастап, машинист, локомотив бригадасының машинист нұсқаушысы қызметтерін атқарған. Жауапкершілік пен іскерлікті ту еткен теміржолшы кезең-кезеңімен біліктілігін арттырып, 1 класты машинист атанды. Оның өнегелі өмір жолы – жас буын машинистерге үлгі.

Жем өңіріндегі алғашқы машинистердің бірі болған Нұрлыбай Аманжоловтың ұрпағы әке атына кір келтірмей жарты ғасырға жуық абыройлы еңбек етіп, әріптестерімен қимай қоштасты. 

Әріптестері өз кезегінде тарлан теміржолшының иығына шапан жауып, құрметтеп шығарып салды