ТЭМ11А - отандық маневрлік тепловоз

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

2020 жыл – елімізде заманауи тепловоздарды шығаратын «Локомотив құрастыру зауыты» акционерлік қоғамы үшін табысты жыл болды. Өйткені, биыл зауытта Wabtec Company-General Electric компаниясы әзірлеген ТЭМ11А жаңа буынды маневрлік тепловоздың алғашқы 2 прототипі жасалды.

Қазіргі уақытта локомотивтер «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ нұсқауына сай Төңкеріс-ОП39 аралығында валидациялық және сертификаттық сынақтардан өтуде. Жаңа инновациялық технологиялардың арқасында ТЭМ11А тепловозы жоғары сенімділік, қызмет көрсетудегі үнемділік және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік сияқты қасиеттерімен ерекшеленіп отыр. 

– Бұл тепловоздың ескі сериядағы локомотивтерден артықшылығы, бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы ДГУ қуатын 1100 кВт-тан 1500 кВт-қа дейін ұлғайта алады. Бұл бір. Екіншіден, оське түсетін жұмыс жүктемесі – 24,3 т/ось±3%. Қызмет мерзіміне келсек, тепловозды 40 жыл алаңсыз пайдалануға болады. 

Қызып кетуден қозғалтқыштардың сынуын болдырмайтын сенімді асинхронды қозғалтқыштар ТО-2 қызметін талап етпейді. Ал тепловоздың жоспарлы Техникалық қызмет арасындағы ұзартылған интервалы 180 тәулікті құрайды, – деп сипаттама берді зауыттың Маркетинг және өткізу бөлімінің бастығы Рауан Дөнсебаев. 

Тепловоз құрастыру ісіне әбден төселіп алған зауыт іске қосылған уақыттан бері 369 жүк және жолаушы локомотивін шығарып, оның 34 бірлігін экспортқа шығарып та үлгеріпті. Өткен жыл зауыт үшін табысты іскерлік байланыс жылы болды. 2019 жылдың шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласында локомотив құрастыру компаниялары арасында әлемдік көшбасшы ретінде танылған GE TransportationWabtec Company мен ЛҚЗ арасында «Evolution» сериясындағы 12 қазақстандық локомотивті Молдоваға құрастырып жіберуге келісімшарт жасалды. 

Әлемде эпидемиологиялық жағдайдың орыналуына қарамастан зауыт локомотив құрастыру ісіне белсене кірісті. Және де тапсырысты уақытында орындап, магистральдық локомотивтерді осы жылдың маусым айының ортасында діттеген жеріне аман-есен жеткізіп берді. Локомотивтердің сапасына, техникалық жағдайына, қолайлылығына молдаван машинистерінің дән риза екендерін кезінде жазған да болатынбыз. Осылайша, зауыт ұжымы тапсырыс беруші тараптың алдында өз міндетін абыроймен атқарып, экспорттың географиялық көкжиегін кеңейтті. 

Жалпы, локомотив құрастыру зауытының алдына қойған қағидаларының бірі, қандай тапсырысты болсын, уақытында орындау. Міне, осы қағиданы зауыт ұжымы негізгі тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының алдында да мінсіз орындап келеді. Екі тарап арасында ұзақмерзімді келісімшарт жасалған. 

Үстіміздегі жылы зауыт Ұлттық компанияның еншілес ұйымы – «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-на 12 жүк магистральдық тепловозды табыстады. Осылайша, 2020 жылы зауыт ТЭ33АС сериялы 24 магистральдық жүк тепловозы мен ТЭМ11А сериялы 2 маневрлік тепловозды құрастырып шығып, сенім үдесінен табылып отыр.