Темір жол билеттерін сатудың жетілдірілген жүйесі іске қосылды

Бүгіннен бастап электронды темір жол билеттерін сатудың жетілдірілген жүйесі іске қосылды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері бұл жүйені енгізудегі мақсат билет алыпсатарларына тосқауыл қою дейді.

Жаңа жүйе бос билеттерді белгілі бір уақыт аралығында ғана сатылымға шығарады. Оның уақыт алгоритмін автоматика өзі есептеп шығарады. Егер кассир 30 секунд ішінде бір типті бес мәрте сұраныс жасаса, онда жүйе оны бұғаттап тастайды. Егер бір мезетте 3 бірдей бір типті сұраныс жасаса, кассирге «жүйе 5 минутқа бұғатталады» деген хабар келіп түседі. Осылайша, кассир «бос орындарды» ұстап қала алмайды. Демек, бұл жүйе бос билеттерді «бұғаттауға» қарсы бағытталған. Ескі жүйеде жолаушылар қайтарған, яғни кері тапсырған билеттер сол мезетте сатылымға шығып, алыпсатарлардың қолына түсетін еді. Олар оңтайлы сәтті пайдаланып, жол құжаттарын бірнеше есе қымбатқа сатып, пайда табатын.

Ендігі жерде билет сатылымының жетілдірілген механизмдері нарықтың жосықсыз қатысушыларының «орынды ұстап қалу» әрекетіне тосқауыл қояды. Мұнымен қатар Ревизорлық қызмет жұмысының жаңа автоматтандырылған механизмдері енгізілді. Сондай-ақ, ұйымдасқан жолаушылар топтары үшін билеттерді сату жүйесін қайтадан толықтай қарастыру жұмыстары жүргізілуде.

Әрине, «Жолаушылар тасымалы» АҚ алаяқтықтың әлі де толық жойылмай отырғанын жасырмайды, дегенмен, бұл шаралар алаяқтық әрекеттердің пайыздық деңгейін едәуір төмендетеріне сенімді.

Бүгінде жол билеттерін «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты 233 кассадан, жеке меншік 4500 кассадан және де интернеттегі билет сататын ресми сайт EPAY. RAILWAYS.KZ (комиссиясыз) және де басқа да ғаламтордағы сату көздері арқылы алуға болады.

Ұлттық тасымалдаушы жол билеттерін тек аталмыш сату орындарында сатып алуға кеңес береді. Егер де заңсыз билет сатқан фактілерге тап болсаңыз, бейтарап қалмай, міндетті түрде жол торабындағы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлеріне шағымданған жөн. Сондай-ақ, жолсеріктер мен пойыз басшыларының билет сатқан фактілерін көрсеңіз – міндетті түрде фото-бейнеге түсіріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Бас директорының Блогына (http://www.temirzholy. kz/blog-predsedatelya-pravleniya/) жіберулеріңізге болады. Әрбір адам азаматтық ұстаным танытқанда ғана сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабамыз деп ескертеді.

Өткен 2018 жылы интернет арқылы 16 264 373 билет сатылса, осы жылдың 5 айында 6 миллионнан астам билет сатылымға түскен.