Басылым туралы

Республикалық салалық газет – «Қазақстан теміржолшысы» өзінің тарихын сонау 1931 жылы Түрксіб темір жолынан бастаған.

Алғашқы бірнеше жыл газет тек орыс тілінде жарық көріп тұрған. Онда түрксібшілердің екпінді еңбегі, озат жұмысшылар жайлы мақалалар мен басшылықтың түрлі өкімдері мен бұйрықтары жарияланып тұрған. Өндіріс орындары жергілікті ұлттық кадрлармен толыға келе, 1934 жылы Қазақстан өлкелік комитеті газеттің қазақша нұсқасын да шығаруға шешім қабылдайды. Орыс тіліндегі қалыптасып үлгерген «Турксиб» газетін қазақ тілінде шығаруға жауапты, яғни газеттің алғашқы редакторы болып Түрксібтің саяси бөлімінде қызмет еткен партиялық кадр Мақай Жүнісов тағайындалады. Өз естелігінде ол былай деп еске алады: «Обеспечение выпуска первых номеров газеты было возложено на меня посовместительству. Хотя с большим трудом, но с задачей этой я справился. Уже в июле 1935 года начала выходит газета «Түрксіб» на казахском языке за моей подписью, как редактора».

Мақай Жүнісов газет жұмысына қазақтың белгілі ақын-жазушылары Әбу Сәрсенбаев, Сапарғали Бегалин, Сабықбек Адамбеков, Оразбек Бектемісов, Ыбырай Тиникин сынды тіл мамандарын тартады. Бектемісов пен Тиникин осы газетте жақсы журналист болып қалыптасып, ұзақ жылдар қызмет етеді, қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейін өскен тұлғалар. Өкінішке орай, қазақ зиялыларына жаудай тиген сталиндік репрессия теміржолшыларды да айналып өтпегені белгілі, әсіресе Алматыда Түрксіб басқармасының саяси тұлғалары, партия қызметкерлері көп зардап шеккен. Солардың қатарында Мақай Жүнісов те НКВД тырнағына ілініп, өмірінің 17 жылын Архангельскіде, кейін Красноярский крайда түрлі лагерьлерде айдауда өткізген екен.

Кейіннен «Теміржолшы» – «Железнодорожник» деп атауын өзгертеді. Салалық газет соғыс жылдары майдан мен тылды жалғаған ұлы ерліктің жаршысы бола білді, теміржолшылардың жанқияр еңбегін дәріптеп, елдің патриоттық рухын көтеріп, Жеңісті жақындатуға үлес қосты.

Соғыстан кейін бұрын солтүстігі Ресей жолдарының, оңтүстігі Ташкент темір жолының құзырында болып келген Қазақстан аумағындағы барлық темір жолдар біріктіріліп, 1958 жылы біртұтас Қазақ темір жолы құрылады. Тарихта «Великий Казахский» деген атпен қалған Үлкен Қазақ темір жолының аумағы өте кең болды. Соған орай қолданыс аясы өсіп, салалық газеттің де таралымы арта түскені осы жылдар болды. Сол кездегі өлшем бойынша 10 мыңнан астам таралымы болған «Железнодорожник Казахстана» деген атпен жарық көріп тұрған басылымның өз баспа үйі, фотолабораториясы мен баспаханасы болды. Таралымы да жол басқармасының өз күшімен, темір жол экспедициясы арқылы атқарылды.

Бірақ о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын шексіз-шетсіз Қазақ темір жолын бір орталықтан басқару Мәскеуге де тиімсіз болып, 1977 жылы Қазақ темір жолы Алматы, Тың және Батыс жолдары болып үшке бөлінгенде әр жол басқармасының өз органы жарық көре бастады. Алматы жолының «Түрксіб тынысы», «Новь Турксиба» газеті, Тың темір жолының «Тың магистралі» – «Целинный магистраль» газеті, Батыста «Батыс жол» газеті тұп-тура жиырма жыл жарық көріп тұрды.

1997 жылы Қазақстандағы барлық жолдар біріктіріліп «Қазақстан темір жолы» РМК құрылғаннан кейін «Қазақстан теміржолшысы» республикалық салалық газеті жарыққа шыға бастады. Бүгінде отандық теміржолшылардың төл басылымына айналған басылым 87 жыл ішінде жарық көрген барлық салалық газеттердің заңды және жалғыз мұрагері болып табылады.

Салалық басылымның 87 жылдық тарихында қаншама талантты журналистер еңбек етіп, тамаша шығармашылық ұжымдар болғанын байқаймыз. Солардың арасында мысалы,1963-1977 жылдары «Железнодорожник Казахстана» газетінің бас редакторы болған Мұхаметбек Нұртазин, Алматы темір жолының газетін 1977 жылдан 1991 жылға дейін, табаны күректей 13 жыл басқарған Клара Шакирова, Тың темір жолының газетін 20 жыл басқарған Иса Ғалиасқаров сынды талантты редакторлардың теміржолшылар арасында беделі зор болды. Сол кездегі жүйе бойынша салалық газет Жол басқармасының органы болып табылатын, ал жоғарыда аталған бас редакторлар теміржолшыларға тиесілі тәртіп бойынша арнайы әскери лауазымға ие болып форма киіп, темір жол көлігінің саяси, мәдени және ақпараттық дамуына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі үшін саланың ең мәртебелі марапаты «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған.


Желілік басылым туралы

railnews.kz желілік басылымы 2018 жылдың қыркүйек айынан бері жұмыс істеп келеді.  

Желілік басылым 2018 жылдың 4 қыркүйегінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркеліп, №17263-СИ куәлігі берілген.