«ҚТЖ-100 жас есім» жобасының жеңімпазы, қазалылық Тоқтар Алмаханов – Қызылорда өңірі бойынша ең жас машинист. Теміржолшылар династиясында туып өскен 26 жасар Тоқтардың бұл салада биік белестерді бағындыруы да тегін емес.
2017 жылдан бері компанияның Жастар форумына қатысып келе жатқан жас машинист осы аралықта білім мен біліктілік жағынан көп өскенін айтады. Алғаш қатысқан сәттенақ 1 орын алып, былтыр «100 жас есім» иегерлерінің қатарынан табылды. Сол жастарды 3 жылға дейін арнайы оқытатын модульдік жобаға қатысып, үшеуіне өтті.
– Қазірде неше түрлі тренингтерге қатысып, сабақ алып, басшылармен тікелей сұхбаттасқаннан соң өзімізге деген сеніміміз артып, мүлде басқа адам болып өзгеріп жатырмыз. Осы жағынан өз жастарын қолдайтын ұлттық компаниямызға алғыс білдіремін, – дейді Тоқтар.
Өз жұрты да, нағашы жұрты да бірыңғай теміржолшы болғандықтан ба, оның бар арманы болат жолда қызмет ету болды. Мектепті аяқтаған соң 2010-2013 жылдар аралығында Қазалыдағы көлік техникалық колледжінде машинист көмекшісі мамандығын оқып алады. Еңбек жолын 2014 жылы Қызылорда локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі болып бастайды. 2015 жылы Қазалы айналым депосына ауысты. Сол жылдары депо басшылығы тарапынан Құрмет грамотасымен марапатталып, депоның құрмет тақтасына суреті ілінді. 2017 жылы Ақтөбе қаласында машинист курсын оқып, сол жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Жастар форумында «Жастар көзқарасы» конкурсында 1 орын алады. Сол кездегі компания басшысы Қ Алпысбаевтың дипломымен марапатталады.
– 2018 жылдан бастап Қазалы айналым депосында 24 жасымда ең жас машинист болып қызметімді жалғастырдым. 2019 жылы таспа талдау инженері болып қызмет атқардым. Сосын өз өтінішіммен машинист мамандығына қайта оралдым, жолаушылар пойыздарын жүргізе бастадым. Жұмыс жасай жүріп өзім оқыған колледжбен әрқашан тығыз байланыста болып, жас студенттермен үнемі кездесіп, тәжірибеммен бөлісіп жүрдім. Жыл соңында колледж басшысы «Жастар жанашыры» деген Мақтау қағазын берді. 2020 жылы Еріктілер жылына орай «ҚТЖ 2020 қайырымды іс» бағдарламасы іске қосылды. Биыл осы жобаға орай Қазалыда 5 рет іс-шара ұйымдастырдым.
Болашақта 1 класты машинист болсам деген ниетім бар, – дейді ол.
Тоқтардың атасы Әлдебайдан бастап, әкесінің ағасы Қанат та, одан кейінгі ағасы Әскербек те Құрметті теміржолшылар. Әкесі Әділхан Тальго пойызын жүргізетін 1 класты машинист.