Құтты қоныста қуаныш еселенді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбедегі «Пойыздар қозғалысын басқару орталығына» еліміздің төрт аймағынан қоныс аударған диспетчерлер отбасылары негізінен жастардан құралған. Қызылорда облысынан қоныс аударған Мұхтар Кәрімбаев – солардың бірі. Күні кеше теміржолшы жігіттің шаңырағы шаттыққа толып, құтты қоныста қуаныш еселенді.

Дүниеге шекесі торсықтай ұл келді. Жаңа жерде ұлының кіндігін кесіп, жолдастары қалжыңдағандай, енді «нағыз ақтөбелік болған» жас маманның қуанышымен әріптестері де бөлісіп, тілектерін жаудыруда.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ магистральдық желінің батыс аймақтық «Пойыздар қозғалысын басқару орталығының» Қызылорда өңірі бойынша бөлімше кезекшісі Мұхтар Кәрімбаевтың келіншегі де теміржолшы. Екеуі де жаңа қонысқа арман қуып келген жас мамандар. 

«Қуанышты жақсылыққа жоритын қазақпыз. Ақтөбеге келгеніме екі ай болды. Үлкен қала. Ұнайды. Жаңа жер жақсы жаңалықтармен басталып жатыр. Бүгін, міне, осы топырақта үшінші ұлым дүниеге келіп қуанышымыз еселеніп жатыр. Келер жыл да теміржолшылар үшін жемісті болсын деп тілейміз», – дейді ұлды болған бөлімше кезекшісі Мұхтар Кәрімбаев. 

32 жасында үш баланың әкесі болып отырған Мұхтар еңбек жолын 2009 жылы Қызылорда станциясында жүк қабылдаптапсырушы қызметінен бастаған екен. Кейін пойыз құрастырушы, станция кезекшісінің операторы қызметтерін атқарып, сатылай өскен жас жігіт 2018 жылдан бастап бөлімше кезекшісі қызметін атқарған. Жаңа жерге қоныс ударуға ұсыныс түскенде алғашқылардың бірі болып тілек білдірген. 

Теміржолшы жаңа қоныста туған ұлының атын Хантөре деп қойған. 

Жаңа жыл қарсаңында дүниеге келіп, бүкіл ұжымға қуаныш сыйлаған сәбидің өмір жасы ұзақ, ырысты болсын деп тілек жаудырған теміржолшыларға біз де қосыламыз.