Табысты жоба жүзеге асуда

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Ақмола жүк тасымалы бөлімшесінде «Астық-Транс» АҚ-мен бірлесіп астық жүктерін бағдарлық жөнелтілімдермен тасымалдауды ұйымдастыру бойынша табысты жоба жүзеге асуда. Бөлімше мамандары бұлайша жөнелтудің және сатылы бағдарлаудың үлкен артықшылығы бар екенін алға тартып отыр.

– Бұл тәсіл жүк тиелетін станцияға тіке баратын пойыздарды жасақтау барысында вагондарды жинақтауға кететін уақыт шығынын болдырмайды немесе қысқартады. Әлбетте, бұл тұтынушыларға жүктің жеткізілуін едәуір шапшаңдатады, сондайақ, межелі станцияға бет алған вагондарды жолда кездесетін бірқатар сұрыптау станцияларында қайта өңдеуді жою арқылы қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда станцияларды вагондарды шамадан тыс өңдеуден босату аса маңызды және жөнелту маршрутының деңгейін жоғарылату арқылы вагондар ағынының транзитін арттыру қажет. Ол ең алдымен, көп станциялардан қайта өңдеусіз өтетін толық құрамды маршруттарды, жекелеген мақсаттар бойынша күнтізбелік тиеуді пайдалану және бос вагондарды бағдарлық жүктерді тиеуге уақытылы жіберу арқылы іске аспақ, – дейді Ақмола ЖТ бөлімшесіне қарасты шұғыл-тарату бөлімінің бастығы Расул Буратаев. 

Оның айтуынша, маршруттық жөнелтілімдерді ұйымдастыру жүк жөнелтілетін станцияның тиеу және түсіру мүмкіндіктерін және бағдарлардың тағайындалуын, сондай-ақ, өндірістің толық технологиясына сәйкестігін ескере отырып, жүзеге асырылады екен. Яғни, кәсіпорындардың өнімді жинақтау немесе жүктің жеке топтамаларын емес, тұтас маршрутты қабылдап алу мүмкіндіктері ескерілмек. Ақмола өңірінен астық өнімдерін жөнелту географиясына келсек, көбінесе, маңызды жүк Орталық Азия елдеріне, Иран, Ауғанстан және Қытайға экспортталуда. 

Нақты деректер, қараша және желтоқсан айларында Ақмола бөлімшесінің станцияларында Астық-Транс АҚ меншігіндегі вагондардан құралған 97 астық маршруты жасақталғанын айқындап отыр, оның ішінде қараша айында 57 маршрут, оның ішінде 22 жөнелтуші және 35 сатылы, ал желтоқсан айында 42 маршрут, оның ішінде 29 жөнелтуші және 13 сатылы құрастырылып, жөнелтілген. Бөлімшеде маршруттардың пайда болуына ықпал етуші негізгі станциялар қатарында Жалтыр, Жаңаесіл, Атбасар, сондай-ақ, Шортанды, Ирченко, Төңкеріс, Жасыл, Азат, Көкшетау-2, Талшық сияқты 4-класты станциялар бар. Бөлімше өкілінің сөзіне қарағанда, Ақмола жүк тасымалы бөлімшесі «АстықТранс» компаниясымен жүк тиеу орындарынан жүк түсіру орнына дейін вагондар ағындарын құрастыруды ұйымдастыру бойынша бірлескен тәжірибені одан әрі жалғастыруды көздеп отыр.