Маңғыстаулық теміржолшының ұлы алтынмен оралды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Маңғыстаулық теміржолшының ұлы 16 елден 500 дзюдошы қатысқан жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогынан Алтын медальмен оралды. Қазақ елінің еншісіндегі жалғыз алтынның иегері Мерей Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мерейін өсірді.

Жарыс 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында Анталия қаласында өткен еді. Онда қазақстандық дзюдошылардың қоржыны бір алтын, төрт күміс, үш қола медальмен толықты. Чемпионның әкесі Маңғыстау локомотив пайдалану депосында машинист. 2001 жылы жұмысын Шетпеден бастап, 2011 жылы Өзен станциясына ауысқан, бүгінде сондағы айналым депосында тепловоз машинисі.

− Төрт ұл, бір қызым бар. Мерей екіншісі. Оның спортқа қызығушылығы ерте кезден оянды, дзюдо мектебіне төртінші сыныптан бастап барды. Алтыншы сыныпқа келгенде үлкен жетістіктерге жете бастады. Халықаралық түрнирлерге қатысып, түрлі орын алып жүрді. Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанды. Қазір елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадаға запастағы дайындау спорт интернатының 11-сыныбында оқиды. Ұлым болалашақта қандай мамандықты таңдайды, кім болады, оны уақыты келгенде өзі шешер. Бірақ, спортты тастамайтыны анық, – дейді 60 келі салмақ бойынша Еуропа кубогының Алтын медаль иегері Мерей Маханбетовтың әкесі Дүйсенбек Сақтағанов.

Жалпы, бұл отбасының бар баласы спортпен айналысады екен. Кім білсін, бәлкім, олардың арасында болашақта Қазақстанның атын әлемге әйгілейтін олимпиада чемпиондары шығар?! Мерейден кіші Жанарыс пен Бекарыс та дзюдомен айналысады екен.

Олар да қалалық, облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген көрінеді. Ал жанұяның тұңғышы Мейрамбек болса, болашақ теміржолшы. Алматыдағы теміржол колледжін тәмамдап, енді жоғары оқу орнында сырттай жалғастыруда. Ол да дзюдодан Маңғыстау чемпионы.