Жаңабаевтар әулетінің жүлдесі

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Жақында Шымкент теміржолына жақсы таныс Жаңабаевтар әулетінде ерлі-зайыпты Панзарбек пен Анардың зейнеткерлікке шығуына байланысты кіші футболдан турнир өтті. 

Спорттық шараны ерлі-зайыпты теміржолшылардың балалары ұйымдастырып, ата-аналарының құрметіне жарысқа арнайы бәйге тікті.

Турнир «Намыс» спорт кешенінің залында өткізілді. Карантинге байланысты жанкүйерлерсіз өткен ойынға 4 команда қатысты. Олар – ШЧ-38 Арыс, Жаңабаевтар әулеті, ЖТ – Шымкент, ПЧ-53 жол дистанциясы.

Сонымен, Жаңабаевтар әулетінің жүлдесіне таласқан дүбірлі доп сайысы көрерменсіз де қызықты да тартысты өтті. Командалық жарыста бірінші орын 100 мың теңге жүлде мен кубок, дипломды ШЧ-38 Арыс командасы жеңіп алды. Екінші орынды Жаңабаевтар әулеті иеленіп, 70 мың теңге, кубок пен диплом алды, ал үшінші орынды – Шымкент ЖТ командасы алып, 40 мың теңге, кубок және дипломмен, төртінші орын ПЧ-53 командасына тиіп, 15 мың теңге және арнайы дипломмен марапатталды.

Сондай-ақ турнирді өткізген төрешілерге де алғыс айтылып, арнайы сый-сияпат жасалды. Айта кетейік, Панзарбек Жаңабайұлы Шымкент бөлімшесі ШЧ38 Арыс белгі беру және байланыс дистанциясының СОБ электр механигі болып жұмыс істеген. Еңбек өтілі – 42 жыл.

Жұбайы Анар Шахаманқызы Қазығұрт станциясында бекет кезекшісі болып жұмыс істеген. Еңбек өтілі – 37 жыл. Жаңабаевтар теміржол саласына үлес қосып қана қоймай үнемі спорттық шараларға да белсене қатысып, Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің жақсы атын шығарып жүргені баршаға белгілі.

Бүгінде зейнетке шығып бара жатқан жұбайлар, міне, теміржолдағы мансаптарын осылайша әдемі футбол ойынымен аяқтады.