Маңғыстауда зейнеткер теміржолшылар жүлде алды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Тәуелсіздік мерекесіне орай үстел үсті теннисінен өткен қалалық ашық турнирге қатысқан маңғыстаулық зейнеткер теміржолшылар жүлделі орыннан көрінді. 

 Облыстық үстел теннисі федерациясы ұйымдастырған ашық турнирге екі ардагер теміржолшы қатысқан. Өткен жылы ғана Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің шұғыл бөлімінде жетекші инженер жұмысынан зейнетке кеткен Марат Ағатаев тастаяқтың нағыз шебері екенін дәлелдеп, замандастарының алтауынан озып шығып, екінші орынды еншіледі. Тіпті ардагерлер арасында үстел теннисінен 2017 жылғы облыс чемпионы Бекес Құлмұрыновты да артта қалдырды. 

Бас жүлдені Жаңаөзен қаласынан келген азамат, екіншісін теміржолшы, үшінші орынды мұнай саласының ардагері еншіледі. Жарыс үш жас шамасы – оқушылар, ересектер және 55 жастан асқан ардагерлер арасында өтті. Жарысқа қатысқан екінші теміржолшы, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде есепші болған зейнеткер Жаңабай Тұрашев та жақсы нәтиже көрсетті. 

− Менің бұл алғашқы ойыным емес. 2011 жылдан бері жұмыс кезінде үнемі турнирлерге барып тұратынмын. Бірде Бурабайда өткен жарыста 18 команданың арасынан төртінші орын алдық. Негізінде үстел теннисі – бала кезден сүйетін спортым. Университетте жүргенде де шұғылданатынмын. Оқу бітіріп жұмысқа араласқасын біраз уақыт қол үзіп қалдым. 2011 жылы бөлімшенің шұғыл бөліміне келгесін үстел теннисімен қайта табыстым. Федерацияның қызметкерлерімен танысып, әріптестік байланыс орнатып, соның арқасында бөлімшеге бір үстел теннисін алуға көмектестім. Оған дейін Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде бір ғана үстел теннисі болатын, енді екеу. Соның арқасында теміржолшылар арасында теннисшілер де көбейді, – деген Марат Ағатаев зейнетте де салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен белсенді айналысатын әріптестерінің көп екенін жеткізді.