Алғаш рет жеңіл спорт түрлерінен турнир өтті

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбедегі «Пойыздар қозғалысын басқару орталығында» алғаш рет жеңіл спорт түрлерінен турнир өтті. Ұжым арасындағы байланысты нығайту және әрдайым қозғалыста болу арқылы індетпен күресуге шақырған шара теміржолшыларға ерекше көңіл күй сыйлады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ магистральдық желінің Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Орал және Қызылорда бөлімшелерінің диспетчерлік орталықтарын біріктіретін «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» транформация жобасы шеңберінде іске қосылған пилоттық полигон жұмысы бір ізге қойылды. Қоныс аударған диспетчерлердің барлығы да орналасқан, жағдайлары жақсы. Бес аймақтың диспетчерлерінен құралған ұжымда байланыс нығая түскен. Оған ғимарат ішіндегі шағын спорт бұрышындағы кездесулер дәлел. Мұнда теміржолшылар жұмыстан тыс кезде аз құрамда жиналып, сергіту жаттығуларын өткізіп тұрады.

Өткен демалыста орталық ұжымы үшін алғашқы шағын турнир өтті.

Диспетчерлер теннистен бақ сынады. «Үш ай бұрын ашылған орталықта жұмыс қарқынды. Күткен нәтижелер көрініп жатыр. Батыс өңіріндегі жоспармен ауысқан диспетчерлер жақсы орналасты, жұмыс барысында тығыз байланыста. Бүгін орталықта алғашқы турнир ұйымдастырылып жатыр. Келесі жылы әлемді жайлаған індеттен құтылып, жақсы кездесулердің көп болатынына сенімдімін», – деді «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» басшысы Амантай Жайлығұлов.

Шара барысында әлі күнге дейін спорттан қол үзбей жүрген диспетчерлерге құрмет көрсетіліп, ұйымдастырушылар тарапынан иықтарына шапан жабылды. Оларға денсаулық тілеп, әлі күнге дейін салауатты өмір салтын берік ұстанып жүрген ардагер теміржолшылардан үлгі алуға шақырды. Ардагер футболшы Амангелді Нанчикеев пен веложарыстардың шебері Жұмабай Отарғалиев екеуі де диспетчерліктен зейнетке шыққан. Олар өз кезегінде жастарға індетпен күресте спортпен айналысудың, сергек жүрудің пайдасы зор екенін айтты.

«Теміржолшылар арасында спортшылар аз емес. Осы жерде біраз шәкірттерім бар. Келесі жылы індеттен құтылып, дүбірлі жарыстарда кездесеміз деген сенімдеміз. Бәріңізді де спорттық шараларға жиі қатысуға шақырамын. Денсаулық нығаяды, індетті спортпен жеңе аламыз. Мидың күш-қуатын мол пайдалану үшін жаттығу жасау керек.

Сол кезде жұмысқа да сергек боласыздар», – деп тәжірибесімен бөлісті ардагер теміржолшы Жұмабай Отарғалиев.

Шара барысында барлық санитарлық талаптар сақталып, теміржолшылар бетперделер мен антисептиктермен қамтамасыз етілді.