Ақтөбелік ардагер теміржолшы Абай ауылына велосипедпен барды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбелік ардагер теміржолшы Жұмабай Отарғалиев қаладан 175 шақырым жердегі Абай ауылына өзінің талай жылғы сенімді серігі велосипедпен барды. Теміржолшы бұл сапарды Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арнайы жоспарлаған. 

Биыл індеттің таралуына байланысты Абайдың 175 жылдығына орай дүбірлі дода болмағанымен, айтулы күн атаусыз қалған жоқ. Әр қазақ ақын өлеңін жаттап, теміржолшылар челенджі таралуда. Ұлы ақынның мерейтойына орай оның мұраларын қастерлеп, түрлі шаралармен атап өтуде. 

Жұмабай Отарғалиев алғашында Шығыс Қазақстан облысындағы ұлы ақынның ауылына баруды жоспарлаған болатын. Елдегі қиын жағдайға байланысты ойын кейінге шегеріп, қаладан 175 шақырым қашықтықтағы Хромтау ауданына қарасты Абай ауылына барды. 

«Ұлы ақынның мерейтойына кішкентай да болса үлес қосуды ойладым. Карантиндік тәртіпке байланысты Шығыс Қазақстанға бару туралы ойымнан айнып, облыс ішінегі Абай ауылына бардым. 

Жазық станциясының басшысы Сансызбай Сырбаев, Дөң станциясы басшысының орынбасары Еркін Мұқашев деген азаматтар жолда көп көмек көрсетті. Жолдағы станцияларда ардагер теміржолшылармен кездесіп әңгіме-дүкен құрдық, елдегі жағдайды сөз еттік», – дейді ардагер теміржолшы Жұмабай Отарғалиев. 

Шайтанарбамен екі күн жол жүріп жеткен ақсақалды жергілікті теміржолшылар құрметтеп күтіп алды. Ақтөбе ЖТ бөлімінің басшысы Бөріхан Беркімбаевтың алғыс хаты табысталды.