Ең мықты команда – машинистерде

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Темір тұлпарды тізгіндеген атыраулық машинистер спортта да алда. Жуырда футзалдан Атырау қаласының ашық чемпионатында Атырау локомотив пайдалану депосына қарасты «Локомотив» футбол командасы жүлделі 3-ші орынды иеленді. Жалпы, депо басшысы Қуаныш Таутановтың пікірінше, аймақтағы ең мықты команда – машинистерде.

– Қуаныш Жақсылықұлы, жеңістеріңіз құтты болсын. Жалпы команда туралы айтып өтсеңіз. 

– «Локомотив» командасы 2015 жылы құрылды. Содан бері теміржолшылар арасында, қалалық және облыстық деңгейдегі спорттық шараларға белсене қатысып келеді. Команда машинистер бригадасынан құралған, яғни машинистер, көмекшілері, слесарьлар, т.б. жұмысшылар бар. Биылғы жылы футзалдан өткен Атырау қаласының ашық чемпионатында біздің команда 3-ші орын алғаны – біз үшін осал көрсеткіш емес. Өйткені ойынға кілең «сен тұр, мен атайын» 14 мықты команда қатысты, тәжірибелері бізден жоғары әрі жарақтандырылуы мен дайындықтары да мықты, 10 жылдың үстінде тәжірибелері бар командалар. Мысалы, «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Ембімұнайгаз», «Нефтестройсервис», «Каспиймұнайгаз», «Жігермұнайсервис» секілді ірі компаниялардың командалары мықты.

Мықты болатыны – бұларда қаржылай қолдау күшті.

– Дегенмен, локомотившілер де есе жібермепті, сондай мықты командалар арасынан 3-ші орынды иелену, шынында да, оңай емес қой?

– Иә, біздің жігіттер өте жақсы ойын көрсетті.

Команда капитаны Р.Айтжанов, қақпашы А.Төлеуішов, шабуылшы А.Шеркешбаев, тағы басқа жігіттер мықты ойнады. А.Шеркешбаев былтыр «Үздік ойыншы» аталса, Нұрғалиев Жандос деген ойыншымыз осы жолы «Қаланың үздік футболшысы» атағын иеленді. Сондай-ақ онымен бірге Еркебұлан Бейбітұлы екеуі «шағын футболдан қалалық кәсіби клубына» ойынға шақырылды. Яғни, біздің машинистер енді кәсіби футболшылар қатарында өнер көрсетеді. 

Біз үшін бұл – мақтаныш. Құрылған жылдан бері командамыз үшінші лигадан премьер-лигаға дейін көтерілді. Былтыр қалалық жарыста 5-ші орынды алсақ, биыл 3-ке жеттік. 

– Қайда жаттығасыздар?

– Атырау денешынықтыру-сауықтыру орталығын жалға алып, аптасына екі-үш рет жаттығамыз. Сонымен қатар депо ауласында өз күшімізбен салынған футбол алаңымыз бар.

Мұндай алаң өңірдегі ешбір теміржол мекемесінде жоқ. Сонда да жаттығамыз.

– Жұмыстан тыс уақытта ғой?

– Әрине, жұмыстан кейін ойыншыларымыз осы алаңға жиналады. Мәселе былай ғой. Жалпы, бүгінде салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау керек дейміз.

Қазақ жігіттері жұмыстан соң шаршағанымды басам деп сыраханаға баратыны жасырын емес.

Одан гөрі қан таратып, алаңға келіп футбол ойнаса, шаршағаны да кетеді, әрі денсаулығын нығайтады. Үйіне сергек барады, көңіл күйі де жақсы болады ғой.

– Футбодан басқа қандай спорт түрімен айналысады машинистер?

– Бізде волейбол және баскетбол, үстел теннисі командалары да бар. Желаяқтар да бар. Шағын футболдан ардагерлер командасын да құрдық. Яғни, 30 бен 40 арасындағы жігіттерден команда жасақталды. Бұлар да өз деңгейінде ойын көрсетіп жүр. Депода спортқа деген қызығушылық басым, Сосын бірінен бірі қалғысы келмейді, бәрі де әйтеуір кем дегенде бір спорт түрімен айналысады.

– Демеушілеріңіз кім?

– Демеушіміз – кәсіподақ. Біз енді мұнай компаниялары секілді қаражаты мол мекеме емеспіз. Оларда спорттық киімдерінің өзі керемет, бір командада бірнеше спорт костюмы бар, материалдық жағдайлары да жоғары. Бірақ біз де қаражаяу емеспіз. Көліктегі кәсіподақ орталық кеңесінің төрағасы Оразғали Ахметбеков бізге премьер-лигаға қатысуға қолдау білдірді. Атырауға келген сапарында ол спорттық алаңдар салуға, жарақтандыруға көмектесуге дайын екендігін мәлімдеді. Ал біздің ендігі межеміз – бас жүлдеге жету, өйткені ең мықты команда – бізде.

– Бәрекелді, командаға табыс тілейміз!