Ақтөбелік теміржолшылар шаңғы жолына шықты

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбеде теміржолшылар арасында шаңғы жарысы өтті. Қызметтік формаларын спорттық жеңіл киімге алмастырған еңбек ұжымдары бір демалыстарын табиғат аясында өткізуді ұйғарды.

Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі спорт нұсқаушыларының ұйымдастыруымен өткен шараға жүк тасымалы мен магистральдық желі бөлімшелерінің, жолаушылар тасымалы, әскерилендірілген күзет, тағы басқа құрылымдардың ұжымдары қатысып, мықты деген 20 шаңғышы сайыс жолына шықты.

«Береке» демалыс кешенінде ұйымдастырылған жарыс – салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған дәстүрлі шара. Шаңғы – қысқы спорт ойыны болғандықтан, жыл сайын қыста «бес қаруын сайлап» дегендер шаңғы жарысына шығуды асыға күтетіндер қатары көп. Бұл күні де, міне, саф ауа, таза табиғат аясына жиналғандар арасынан 20 шақты ойыншы сап түзеп, жарыс жолына түсті. Оларды қиқулап шығарып салған жанкүйерлері ақ көрпеге оранған мидай жазық далада жүйткіп бара жатқандар соңынан қызыға қарап қала берді. Өйткені, бұл спорт түрін ерекше машығы, қызығушылығы бар жандар болмаса, кез келген адам таңдай бермейді.

«Теміржолшылар қоғамдық шаралардың қай-қайсысынан да қалыс қалған емес. Жылдың барлық мезгілінде спорттық шаралар ұйымдастырамыз. Оның үстіне елімізде қысқы спорт түрлерін дамыту қарқын алуда. Соның ішінде шаңғы тебуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Теміржолшыларымыз да кәсіби шаңғышылардан қалыспай, табиғат аясында жаттығып тұрады, бүгінгі сайыста үздік нәтиже көрсеткендерге арнайы сый-сияпатымыз бар», – дейді спорт нұсқаушысы Нұргүл Батырхан.