Семей теміржолшылары эстафеталық сайысына қатысты

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Өткен демалыс күндері Семей жүк тасымалы бөлімшесінің теміржолшылары Ертіс ортасындағы табиғаты әсем аралға жиналып, қыс қызығына толы бір күндерін өткізді.

Семейлік теміржолшылар үшін бұл дәстүрге айналған десек болғандай, жылда өткізеді. Биыл да бөлімшенің кәсіподақ комитеті мен спорт нұсқаушыларының бастамасымен шаңғыларын сайлап әкелген қыз-жігіттер үш шақырым қашықтықты аз уақыт ішінде жүгіріп өтті.

Осыдан соң эстафеталық ойындарға кезек берілді. Шарт бойынша ойындар барысы қыстық және жаздық болып алма-кезек алмастырылып отырды. «Көңілді старт» ойындарында бірінші болып ұжым жетекшілері сайыс жолына шықты. Семей магистральдық желі бөлімшесі мекемелерінің басшылары кедергілерді жылдам айналып өтіп, доппен жүгірулері олардың жанкүйерлерінің қызу қиқуына ұласып жатты...

Семей ЖТ бөлімшесі атынан сайысқа түскен станция басшылары мен бөлім жетекшілері де үлкен нәтиже көрсетті. Сол тәрізді нысананы доппен көздеу, шайбаны алып жүгіру сынды эстафеталық сайыстарда да әрбір мекеме теміржолшыларының жылдамдығы, ұжымдаса әрекет етуі сынға түсті.

Бұл сайыстардың барлығында да ПЧ-39 бен ПЧ-40 және ЭЧ-18 қызметкерлерінің белсенділігі басым түсіп жатты. Әсіресе, Семей станциясының кәсіподақ төрайымы Шәрбат Мейірманова мен ПЧ-40 кәсіподағының төрайымы Зульфия Мәжитқызы бастаған кәсіподақ ұйымдарының қыздары мен жігіттері сайыстардың барлық түрлеріне қатысып, өз командаларын алға сүйреді.

Ақ тер, көк тер ойыннан соң барша теміржолшылар кәсіподақ ұйымдарының демеушілігімен жайылған дастархан басына жиналып, таза ауада ас ішкеннен артық рахат бола ма?! «Нағыз мереке болды!» десті теміржолшылар бірауыздан.