Бөлімше біріншілігін сарапқа салды

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жуырда Семей магистральдық желі бөлімшесіне қарасты барлық мекемелер арасында футболдан кезекті сайыс болып өтті. Бұл жолғы біріншілікке жүзге жуық адамнан тұратын барлығы 11 команда қатысып, өзара жүлделі орындарды сарапқа салды.

Сайыс барысы топтық айналым бойынша өткендіктен барлық командалар бір-бірімен шеберлік сынасып, күш байқасты. Тек ақтық финалға ғана кіл мықты командалар іріктеліп шыққан болатын. Әйтсе де, жүлделі орындарды сарапқа салуға бастайтын соңғы сайыстарда топ жарып шығу оңай болмады.

Ал финал барысындағы алғашқы ойынды Семей станциясы мен «Транстелеком» АҚ Семей филиалы теміржолшылары өткізген еді. Нәтижесінде дүркін-дүркін шабуылдар ұйымдастырған соңғы команданың ойыншылары қарсыластарын 6:2 есебімен жеңіп кетті.

Сол тәрізді жүлделі орындарды сарапқа салу барысында тартысты ойын жергілікті ТЧЭ-24 пен ШЧ-29 мекемелері арасында да өтті. Екі команда да бөлімше чемпиондары болатын. Нәтижесіз аяқталған ойын соңында пенальти өткізіліп, локомотившілер қауымы 4:3 есебімен жеңіп кетті.

Ал үшінші орын үшін болған ойын барысында ШЧ-29 командасы Семей станциясының футболшыларын 4:3 есебімен ұтты.

Сайыс соңындағы бас жүлде үшін өткізілген кездесуде «Транстелеком» АҚ Семей филиалының командасы ТЧЭ-24 командасын ойсырата ұтып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға локомотившілер тұрақтаса, бөлімше чемпионы атанып жүрген ШЧ-29 мекемесінің аяқдопшылары жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты.