Шағын футболдан турнир өтті

Жуырда Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің Шу теміржол торабы ұжымдары арасында шағын футболдан турнир өтті. Тартысты өткен ойын көрігін алты команда қыздырды.

Турнирдің басты мақсаты – НЖС8 ұжымдары арасында бұқаралық спортпен шұғылдануды, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау болып табылады. Аталған ұжымдарға басшылық етіп отырған Асқар Кукузов та мұндай бастаманы айрықша қолдап жатқанын айтуға тиіспіз. Ол футболдың жанкүйері ретінде өз қарамағындағы теміржолшылардан да спортпен белсенді шұғылдануды талап етеді.

Спорттық шарадан Шу теміржол торабы түгел тыс қалмады. НЖС8 директорының орынбасары С.Каликов бастап, ШЧ-35 директоры Қ.Сазаев, ЭЧ-22 директоры М.Ақботаев, ПЧ-50 директорының міндетін атқарушы М.Нұрғожаев турнир барысында өз командаларына барынша қолдау көрсетіп отырды. 

Жоғары деңгейде өткен турнирдің ұйымдастыру жұмыстарына зор үлес қосқан НОРП-18 өрт сөндіру пойызының бастығы, футбол жанкүйері Ж.Апамбаевтың еңбегі ерекше болды. Әрине, сайыс нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. ПМС командасы турнирдің басты жеңімпазы атанса, екінші орынды ЭЧ-22 командасы, үшінші орынды ПЧ-50 командасы иеленді.

Жеңімпаздар арнайы кубоктармен, дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, Ж.Абишев, А.Тұтқышбаев, Е.Аманқұлов, Ж.Бектұрғанов сияқты жекелеген үздік ойыншылар да арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.