Серпін сыйлады

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесі, «Қазақстандық салалық темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» ҚБ Қызылорда филиалының ұйымдастыруымен Абай станциясының теміржолшылары бекетке жақын маңдағы Абай-Қарақұм ауылдары тұрғындарымен волейболдан жарыс өткізді.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген Сексеуіл-Жезқазған учаскесіндегі бөлімшеге қарасты станцияларға жұмысқа орналасқан жастар бүгінгі күні салалық жұмыста ысылып тәжірибе жинақтап үлгерген. Олар жаңа телімнен өткізілетін жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауісіздігін сақтауға өз үлестерін қосуда. Осы жаңа телім бойындағы Абай станциясының іргесіндегі ауыл мектебінде ұйымдастырылған волейбол ойынына сегіз құрама команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Абай ауылының ардагер спортшысы Барлық Әбдіров, Сексеуіл жол дистанциясының өндірістік телім басшысы Әбдірахман Әлімбаев және Абай станциясы вокзалының бастығы Нұрлан Шүренов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Командалардың ойын ережелерін қатаң сақтауын қадағалады – Қызылорда ЖТ бөлімшесі басшылығы мен «Қазкөліккәсіп» бірлестігі филиалының демеушілігімен өткізілген жастардың спорттық сайысы тек теміржолшыларды ғана емес, ауыл жастарына да серпін сыйлаған тамаша ойын болды, – дейді Абай станциясының бастығы Нұрлан Шүренов. Жүлделі 3-орынды «Теміржолшылар» құрама командасы иеленсе, 2-орынды Абай ауылының «Жастар» құрамасы иемденді. Ал үшінші орынды ауыл имамдарынан құралған «Мешіт» құрамасы жеңіп алды. Жеңімпаздарына бөлімше басшылығы, кәсіподақ ұйымы мен «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігі тарапынан диплом мен бағалы сыйлықтар беріліп, сондай-ақ қатысушы құрама командаларға ынталандыру сыйлығы табысталды.