Жастар - жеңімпаз

Маңғыстау вагон пайдалану депосы теміржолшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында мекеме жұмысшылары арасында футболдан өзара ортақ кездесу ұйымдастырды.

Жарыс мекеменің бес командасы арасында өтті. Олар – депо әкімшілігінен, Маңғыстау техникалық қызмет көрсету пунктінен, Құрық портындағы вагон қараушылардан, депо жастарынан және орта буын жұмысшылардан құралған командалар. Бір мекемедегі түрлі буынның басын қосқан бұл ойын өзінше қызыққа толы болды. Онда бұрыннан жарыстарға қатысып жүрген, мекеме ұжымы «Ардагерлер» атап кеткен топ та, бұрын-соңды топқа қосылмаған жас вагон қараушылар да болды. Қорытынды есеп бойынша бірінші орынды «Жастар-88» деген атпен ойнаған жастар қомандасы жеңіп алды. Ал екінші орынды мекеменің әкімшілігінен құралған команда, үшінші соңғы орынды «Ардагерлер» алды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

– Сайыста жеңімпаздарға тек орындар берумен ғана шектеліп қалмадық. Жақсы ойын көрсеткендер арнайы аталымдар бойынша да жүлдеге ие болды. «Жастар-88» ойыншысы Болат Шарқатбаев «Үздік шабуылшы», Құрықтан келген командадан Асхат Нұрқаниев «Үздік ойын шы», «Ардагерлер» құрамасынан Нұржаубай Озғанбаев «Үздік қорғаушы», Ақан Күздібаев «Үздік қақпашы», Берік Имашов «Үздік команда капитаны» атанса, «Көрермен көзайымы» номинациясы Маңғыстау техникалық қызмет көрсету пунктінің жұмысшысы Бауыржан Құлжабаевқа бұйырды. Жалпы, ойын өте қызық өтті, – дейді депоның кәсіподақ ұйымының спорт нұсқаушысы Азамат Елубаев.