Маңғыстау станциясында волейболдан аралас жарыс өтті

Тәуелсіздік күніне орай өңір теміржолшылары спорттық жарыс ұйымдастырды. Маңғыстау станциясында волейболдан аралас жарыс өтіп, жергілікті темір жол мекемелерінің алты командасы өзара бақ сынасты.

Жарысты ашқан Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Мұхтар Бақтыгереев баршаны мерейлі мерекемен құттықтап, сайыс алаңына шыққан командаларға жеңіс және көтеріңкі көңіл-күй тіледі. Ойын тартысқа толы болды. Алты команда да бір-біріне есеп жібермей ұзақ тайталасты. Ешқайсысы да осал емесін танытты. Бірақ қорытындысы есеп бойынша үш топ артық ұпай санымен жеңіске жетті. Бас жүлдені Маңғыстау вагон пайдалану депосының, екінші орынды Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының, үшінші орынды Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының ұжымынан құралған волейболшылар командасы еншіледі. Әйтсе де, ойыншылар бір-бірін бөле-жармады. Шын мәнінде мерекелік көңілкүймен ойын ерекше өткен сайыста жеңген немесе жеңілген жоқ, достық жеңді деп тарасты.

− Теміржолшылар үшін мереке құрметіне өткен кездесу баршаға ерекше серпін сыйлады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар: ұялы телефон, әмиян және кубок, дипломдар берілді, сонымен қатар басқа командалар да сый-сияпатсыз қалмады, мереке ғой, – дейді бұл туралы Маңғыстау теміржолында спорт бойынша нұсқаушы Эльвира Айтжанова.