Шымкентте жаңа теміржол вокзалы салынады

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Шымкент қаласының шетінде жаңа теміржол вокзалы салынады. Бұл туралы қала әкімі М.Әйтенов мәлім етті. Оның айтуынша, бұл мақсатта қазір тендер өткізіліп жатыр.

«Биыл теміржол вокзалын «ҚТЖ»-дан қабылдап алдық. Десе де, бұл вокзал халқының саны өсіп бара жатқан Шымкентке лайық емес. Сол үшін ҚТЖ-да арнайы жобалық-сметалық құжат жасалды. Оның күрделі жөнделуі мен көркеюуіне 6,2 млрд теңге қажет. Біз қазір жоспар құрып отырмыз. Қала жоспары бойынша шаһардың солтүстік бағытына заманға сай жаңа теміржол вокзалы салынуы керек. Сөйтіп, теміржолды қаладан шығарып, Бозарық елдімекені жағынан жаңа нысан бой көтеруі тиіс», – деді әкім. 

Осы мақсатта өткізіліп жатқан тендер аяқталып, жеңімпаз айқындалуы керек. Сондықтан қазіргі вокзалға күрделі жөндеу жүргізудің орнына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алдағы жарты жылда нақты шешім қабылданады. Жалпы, еліміздегі миллион халқы бар мегаполистің бәрінде екі вокзал бар. Сондықтан халық тығыз орналасқан оңтүстіктің бас қаласына да екі вокзал артық болмасы анық.