Елбасы. Тәуелсіздік. Теміржол

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қазақстан темір жолының еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі даму тарихы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін өз алдына дербес ел болған Қазақстанда отандық теміржол компаниясын құрып, сенімді ұлттық тасымалдаушыға айналу, жаңа бағытта жолдар ашу үшін ірі құрылыстар жүргізу, ең бастысы ел аумағы арқылы тиімді транзиттік әлеуетті қалыптастыру жас мемлекет үшін тіпті де оңай болған жоқ. 

Міне, бұл бағыттағы жобалардың бәрі дерлік Елбасы назарында болып қана қоймай, оның тікелей бастамасымен жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Қазақстанда екі мың шақырымнан астам теміржол салынды. Тұңғыш темір жол құрылысы Ақсу-Дегелеңнен басталады, 184 шақырым жол тоқсаныншы жылдар соңында басталып, 2001 жылы пайдалануға берілді. 

Павлодардың Ақсу қаласын Шығыстағы Дегелең станциясымен қосатын темір жол солтүстік өңірді шырайлы шығыспен байланыстырып, саяси, экономикалық және әлеуметтік маңызды сипатқа ие болды. 

Жаңа ғасырда құрылысы басталып, «ғасыр құрылысы» атанған Алтынсарин-Хромтау темір жолы 2004 жылы ашылды. 30 қарашада Арқа станциясында өткен салтанатта Елбасы көршілес елдердің аумағына кірмей, ел іші арқылы жүргізілетін жаңа бағдардың іске қосылуымен барша қазақстандықтарды құттықтады. Ұзындығы 400 шақырымнан астам темір жол желісі Қазақстанның ішкі жолдарымен жүк тасымалдау қашықтығын 500-ден 2 мың шақырымға дейін қысқартты. 

2008 жылы 153 шақырымды құрайтын «Шар – Өскемен» темір жолы ашылды. Ол Кенді Алтайдың ірі теміржол торабын Шар станциясы арқылы ең қысқа жолмен Түрксіб магистралімен жалғады. Ресейдің Локоть станциясына кірмей, өз теміржолымыз арқылы республиканың өзге аймақтарына баруды қамтамасыз етіп, тасымал қашықтығын 311 шақырымға қысқартты. Республиканың оңтүстік облыстары арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Иран, Ауғанстан және басқа елдерге тікелей шығуға мүмкіндік берді. 

Елбасы есімімен қатар аталатын үшінші жоба – «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолының құрылысы 2007 жылы басталып, Қазақстан, Түркіменстан және Иран арасында қол қойылған Мемлекет басшыларының декларациясы және Үкіметаралық келісім негізінде жүзеге асырылды. Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізінің 600 шақырымға дейін қысқарған баламалы бағытын құруға мүмкіндік берген жобада Қазақстан аумағы арқылы өтетін желінің ұзындығы 146 шақырымды құрады. 

Қазақстан үшін әлемдік порттарға жол ашатын желі Түркіменстан арқылы Қазақстанды, Ресейдің орталық өңірлерін Иранмен, Парсы шығанағындағы елдермен, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен тікелей жалғастырады. 2011 жылдың 9 желтоқсанында Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде теміржолдың қазақстандық бөлігі ашылып, шекарада пайда болған Болашақ станциясы таныстырылды. Ал желі толықтай 2013 жылы пайдалануға берілді. 

Құрылысы 2009 жылы басталған Жетіген-Қорғас темір жолының ашылу салтанаты 2011 жылы Елбасының қатысуымен өткен жалпыхалықтық телекөпірде өтті. 

Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалануда үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан жоба Қытайдан Орталық Азияға, одан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа жолы болды. 

2012-2014 жылдары Елбасының тапсырмасымен Жезқазған-Бейнеу және АрқалықШұбаркөл темір жолдары салынып, 2014 жылы тамызда пайдалануға берілді. Жаңа жолдар еліміздің батысынан шығысына, солтүстігінен оңтүстігіне жүк тасымалдау қашықтығын едәуір қысқартып, Қазақстанның көліктік әлеуетін айтарлықтай арттырды.

Қытайдан Еуропа, Ресей бағытындағы трансқазақстандық көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін едәуір ұлғайтты.

Өңіраралық байланысты нығайтудың жаңа жобасы – Ақтау халықаралық теңіз портын уақыт талабына сай кеңейту үшін сыйымдылығы жоғары танкерлер мен алып кемелерді қабылдай алатын құрлық портын дамыту мақсатында Ақтаудан жаңа портқа дейін 15 км «Боржақты-Ерсай» теміржолы салынып, 2015 жылы пайдалануға берілді.

Елбасы қабылдаған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Алматы-1-Шу телімінде екінші теміржол желісі салынып, телімнің өткізу мүмкіндігі 3,2 есеге артты. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы міндеттер елімізді транзиттіккөліктік, сауда, халықаралық деңгейдегі іскерлік хабқа айналдыруды көздеді. Ал «ҚТЖ» компаниясы сол міндеттерді басты жүзеге асырушы болды.