Станция кезекшілері сыңға түсті

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Бөлімше теміржолшыларының кәсіби шеберлігін арттырып, пойыздардың қауіпсіз қозғалысын сақтауды жетілдіре отырып озық тәжірибені насихаттау мақсатында «кәсібі бойынша үздік» сайысының қорытындысы шығарылды.

Қызылорда ЖТ бөлімшесінің бас инженері Күлхан Белкібаев, Техникалық бөлім басшысы Жарқынбек Рсымбетов, кәсіподақ ұйымы төрағасы Мұхтар Көпірбаев, оқыту шебері Сәбит Нұрманов және Базаркүл Қалымбетова секілді тәжірибелі теміржолшылардан құралған қазылар алқасының төрелігімен ең жоғары балл жинаған Қызылорда станциясының кезекшісі Рүстем Құрманғазиев «кәсібі бойынша үздік» атанды. 

ҚТЖ компаниясы басшылығының ағымдағы жылдың қазан айының 13-дегі ГПИТП/10231- И нөмірлі тапсырмасына сай қазан-қараша айларында кезеңкезеңмен сатылап өткізілген кәсіби шыңдау сайысы әр саланың өз үздігін анықтады. 

Дүбірлі додаға бөлімше теміржолшылары түгел атсалысты десек, артық айтқандық емес. 

Себебі, кәсібінің үздігін анықтау «бір терінің пұшпағын илеген» саланың майталмандарының әрқайсысының өзіндік шеберлігі мен алғырлығын, кез келген қиын сәттерден сытылмай жол таба білетін біліктілігін, бір теміржолшының ағаттығы үшін бүкіл аймақтың имиджіне сына болуы ықтимал тұстардан сүрінбей өте білуі сынға түскен шараға әр мекеме үкілеген үміткерін бәйгеге қосты. 

– Кәсібі бойынша үздік конкурсының екінші кезеңіне өткен Қызылорда станциясының кезекшілері Рүстем Құрманғазиев, К.Сарманов пен Нұрлан Бадрақов, Қазалы бекетінен Азамат Дәрібаев, Төретамнан Нұрсұлтан Күнтуаров, Белкөлден Б.Назаров – бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі мамандар. Бірнеше кезеңнен құралған сайыста олар өздерінің нағыз үздік, кәсіби теміржолшы екендігін дәлелдей білді. Аталған сайыс бөлімше теміржолшыларының кәсіби маман болып қалыпта-суына жағымды әсерін байқатты. Үміткерлер тәжірибелерін шыңдай түсті, – дейді оқыту шебері Сәбит Нұрманов. 

Компания басшылығының телеграфтық нұсқамасына орай бөлімше директорының аймақ бойынша бұйрығы жарияланып, сайыс бірнеше кезеңмен өтетіндігі белгілі болған. Алғашқы сатысында 17 үміткер онлайн дауыс беру арқылы таңдалып, ең көп дауыс жинаған алты үміткер доданың екінші кезеңіне жолдама алған. 

Үміткерлер бұл сатыда шеберліктерін «Мен станция кезекшісімін», «Бекет кезекшісінің бір күні» және «Станция кезекшісі – пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбына бейнеролик түсіріп сынға түскен. Осы кезеңде үміткерлер тиісті ережелерге сауаттылық (ИДП, ПТЭ, ИСИ) емтиханынан өтіп, түрлі тосын жағдайларға қатысты блиц-сауалдан өткен. 

Сайыстың соңғы сатысында үміткерлерге жасырын берілген кескін бейнеден қандай мағынаны меңзейтін сурет берілгендігін анықтау тапсырмасы берілген. 

Мұнда да үміткерлер сауалдардың дәл және нақты жауабын беріп, нашар балл алғаны болған жоқ. 

Сонымен бір ай бойы станция кезекшілері арасында үздікті анықтау конкурсында жауапты анық, нақты және толық жеткізе білген үздіктер анықталып, жүлделі 3-орынды Төретам станциясының кезекшісі Нұрсұлтан Күнтуаров, 2-орынды қазалылық кезекші Азамат Дәрібаев, ал бірінші орын Қызылорда станциясының кезекшісі Рүстем Құрманғазиев иемденді.