Теміржолшы кандидат тіркелді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс XXX конференциясында пікірсайысқа қатысқан Ақтөбе ЖТ бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаев 64 дауыс алып, Шалқар ауданы бойынша кандидаттыққа өтті. 

Теміржолшылар кенті атанған Шалқар өңірінен депутаттыққа түскен Бөріхан Сматуллаұлы 56 делегаттың ішінен оқ бойы озық көрінді. Оған себеп жоқ емес. Шалқар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында теміржол саласының салмағы орасан. Аудандағы әрбір төртінші тұрғын – теміржолшы. 

Конференция барысында теміржолшы өз сайлауалды бағдарламасы бойынша мәселелерді шешу жолдарын ұсынып, әріптестерінің сұрақтарына жауап берді. Пікірсайыс қорытындысы бойынша 15 үміткерге «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы 109 делегат дауыс берді. 

Нәтижесінде ең көп ұпай жинағандар партиялық тізімге үміткер ретінде енді. 

«Бүгінгі праймериз – бұл ортақ жеңісіміз. Себебі арманымыз бір – ел мен халыққа қызмет ету, мемлекетімізді көркейту. Пікірсайыс барысында түрлі мәселе көтерілді, оның шешу жолдары да айтылды. Басты мәселе – халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға үлес қосу», – дейді Ақтөбе ЖТ бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаев.