Семей ЖТ бөлімшесі бойынша пойыздар қозғалысына бірқатар өзгертулер енгізілді

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Шығыстағы Семей ЖТ бөлімшесі бойынша пойыздар қозғалысына бірқатар өзгертулер енгізілді. Ол туралы жуырда ҚР Премьер-министрі орынбасары, COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановтың аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында нақтыланды.

Басты себеп – өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығы болып отыр. Қараша айының 2-ші жұлдызынан бастап күшіне енетін шектеулер барысында Нұр-Сұлтан-Защита маршруттары бойынша теміржол қатынасын аптасына 3-тен 1-ге дейін, Алматы-Защита маршруттары бойынша аптасына 7-ден 3-ке дейін қысқарту шарасы қабылданды.

Сонымен қатар, тағы бір басты жаңалық жолаушылардың Шығыс Қазақстан облысынан әуе және темір жол көлігімен шығуы үшін COVID-19 теріс нәтижесі бар ПТР тестілеуінен өткендігі туралы анықтаманың болуы міндеттелді. Яғни, сапарға шығушы азаматтар теміржол вокзалы қызметкерлеріне берілген күнінен бастап 3 тәуліктен аспайтын арнайы құжатты көрсетуі міндетті.

Шектеу шаралары аясында Шығыстағы барлық теміржол вокзалдарына күтіп алушылар мен шығарып салушылардың кіруіне тыйым салынады. Яғни, әр азамат тек қолында жол жүру билеті болған жағдайда ғана өткізіледі.

Сондай-ақ, теміржол вокзалдары адамдар көп жиналатын орындар ретінде мониторингтік топтардың ерекше назарына алынып, ол нысандардағы карантин режимін сақтау жөніндегі жұмыстар күшейтілмек.

Бұл шаралардың сыртында транзитпен өтетін жылжымалы құрамдарының облыс ішінде тоқтауына тыйым салу да көзделді. Тағы бір ерекшелік, қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтағы жұмыс форматына ауыстыруды қамтамасыз ету; офлайн форматта жиналыстарды өткізуге тыйым салу да қарастырылды.

Айта кетсек, соңғы тәуліктерде облыстағы эпидемиологиялық ахуал күрт өзгеріп, аймақ қауіптіліктің «сары деңгейіне» өткен болатын.

Ал, аталмыш шаралардың барлығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында болмақ.