Вагон шаруашылығынан ши шықты

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Теміржол саласында вагон шаруашылығының маңызы зор. Жүк тасымалында да, жолаушылар тасымалында да вагондардың техникалық сапасының атқаратын рөлі жоғары. Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде жақында ғана мәресіне жеткен күзгі комиссиялық тексерудің нәтижелері бұл салада біршама кемшіліктерді анықтап отыр. 

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Анатолий Кимнің сөзіне қарағанда, Тараз вагон депосының басшылары пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жеткіліксіз жүргізген. Депоның орта буындағы басшылары, командалық нұсқаушылары өз функцияларын толық атқармаған. 

«Нақтылай айтқанда, техникаларға қажетті қосалқы бөлшектердің жетіспеушілігі анықталды, вагондарды тексеру және жөндеу технологиясының бұзылуы, инспекторлар мен механиктер құрамының жұмысы технологиялық процесті орындауға қауқарсыз. ПТП мен ПТО-дағы ВУ-15 «Автокөліктерді толық көлемде тексеру кітаптарына» бекітілген «Вагондар шаруашылығына есеп беру мен есеп формаларын толтыру ережелері» өрескел бұзылған», – деп атап өтті бас инженер. 

Оның айтуынша, депо қызметкерлері мен командалықнұсқаушы құрамы техникалық зерттеулерді тиісті деңгейде орындамайды деп қорытынды жасауға болады. Өйткені, техникалық сабақтарда өткен тақырыптар бойынша ауызша сұрау кезінде кейбір жұмысшылар білімдерінің төмен екенін көрсеткен. 6 қызметкердің біліктілігін қайта көтеру туралы шешім де қабылданған. 

Депо менеджерлері де қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, орта буын басшыларының, депо командирлері мен нұсқаушыларының жұмысын бақылауды қамтамасыз етуде біршама кемшіліктерге жол берген. 

«Депо басшылығы өз міндеттерін толық орындамайтынына да көз жеткіздік. Мәселен, вагондарға техникалық қызмет көрсету пункттерінің, вагондарды ағымдағы жөндеу пункттерінің жұмысында сапасыздық басым. 

Техникалық бөлімнің де шаруасында шикілік бар, технологиялық процесті бұзу фактілері анықталды. 

Сондықтан техникалық дайындық жүргізіліп болған 6 пойызды тексерген кезде 40 вагонда түрлі кемшіліктер байқалды. Ал 7 вагон қозғалыстан шығарылып, техникалық дайындық жасалмаған деген баға берілді», – деді А.Ким. 

Бас инженер вагондарды ағымдағы жөндеу пункттерінің жұмысында кешеуілдеу орын алғанын да айтты. Вагондарды жөндеу және босату кезінде де техникалық бұзушылықтар анықталған. Сол себептен ағымдағы жөндеуден өткен 3 вагонды, жоспарлы жөндеу түрінен өткен 1 вагонды, жалпы 7 вагонды қайта жөндеуге жіберген. 

«Вагондарға қажетті қосалқы бөлшектердің саны, вагондарды жөндеуге арналған материалдар, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі туралы техникалық бюллетеньдер тағы жоқ. Депо басшылығы, орта деңгейдегі менеджерлер тиісті жұмыстарды бақыламайды және көршілес бөлімшенің ақаулы вагондарының есебін жүргізбейді. Мәселен, қысқы маусымға әзірлік барысында Шоқпар, Талас, Бөген станцияларындағы шаруашылықтар тексерусіз қалған», – деп сын айтты жауапты маман.