Транзитке - жасыл жол

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жалпы сараптама қорытындылары бойынша контейнерлік пойыздар транзиті бюджет тіеселейтін маңызды шаралардың бірі. Сондықтан транзитке қашан да жасыл жол болмақ.

Семей жүк тасымалы бөлімшесінде контейнерлік пойыздар транзиті бойынша жүргізілетін жұмыстарды жүйелендіру үшін жыл басында бірқатар шаралар қабылданған болатын. Атап айтсақ, ұзын жылжымалы құрамдарды кідіріссіз жөнелту, станцияларда тастанды пойыздар легін қалыптастырмау бойынша қолға алынған тың тәсілдер тиімділігін көрсетіп берді.

Жергілікті теміржолшылар бір жыл ішінде әр контейнері 40 тоннаны құрайтын 500-ден аса транзитті пойыздарды іркіліссіз өткізе алатыны толық дәлелденген. Сол себепті аталмыш бағыт бойынша жоспарлы істер жолға қойылған болатын. Оған Ресейдің Сібір бөлігінен Орталық Азияға контейнер түріндегі жүк тасымалының соңғы жылдары еселеп артуы, Қытаймен шекаралас Достық станциясы бойынша экспорттың артуы себеп болған. Көршілес екі ел арасындағы жүк дәлізі саналатын Семей бөлімшесінде жүк тасымалының бұл түрі – күн тақырыбында тұрған мәселелердің бірі. 

Өткен 9 айдың көрсеткіші бойынша 546 контейнерлік пойыз қабылдап-жөнелтілген. 

Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда тұп-тура екі есеге жоғары. Алда әлі 3 айдың қорытындысы бар екенін ескерсек, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін еселене түсері сөзсіз. Сонымен қатар, контейнерлік пойыздардың тәуліктік жүру жылдамдығы да жоғарылатылған. 

Дегенмен аталмыш бағытта біршама кедергілер де болған. Атап айтсақ, жазғы мезгілде карантиндік шектеулерге байланысты Қытаймен шекаралас Достық станциясында кейбір пойыздар қабылданбаған. 

Сондай-ақ, бұл бағыттағы шаралар аясында пойыздардың орташа салмағы 99,5 пайызға орындалған. 

Бұл – өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырмалы түрде алғанда 14 тоннаға төмен деген сөз. Яғни, контейнерлік пойыздар транзиті мен пойыздың орташа құрамын азайту осындай қадамдарға мәжбүрлеп отыр. 

Сол тәрізді бөлімшенің жүк станцияларында жасақталатын пойыздар мүмкіндігінше ауыр салмақта құрастырылады. Дегенмен телімдердің өткізу деңгейі жылжымалы құрамдардың салмақ дәрежесіне қарай әр түрлі болып келеді. Мысалы, транзит ағыны мол Локоть-Ақтоғай теліміндегі тақ пойыздар үшін шекті көрсеткіш 4500 тоннаны құрайды екен. 

Қазіргі таңда ауыр салмақтағы пойыздардың жүк айналымы бойынша Дегелең-Семей аралығындағы 142 шақырымдық телімде 6 300 тонналық пойыздар қатынауда. 

Мысалға алсақ, құрастырылатын жүк пойыздарының саны 9 ай ішінде 10 мың болса, оның шамамен 35-40 пайызы ауырсалмақты болып саналады. 

Бұл ретте негізгі салмақ локомотив пайдалану деполары мен жүк станцияларына түсуде. Локомотив бригадаларының сағат саны көбейіп, жүк айналымы мен техникалық жылдамдық артқан.