Құмшағал станциясы - шағылтастың отаны

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Алматы, Шымкент, Түркістан, Жамбыл аумағындағы теміржолдардың табанына төселетін шағалтастар Тараз қаласының іргесіндегі Құмшағал станциясынан тасымалданады. Алпыс жылдан астам тарихы бар зауыт теміржол табанын осы өніммен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.

Станция арқылы ай сайын 300 тонна, кейде 400 тоннаға дейін шағалтас жөнелтіледі екен. Одан бөлек, мұнда екі мұнай базасы орналасқан. Алғашқысы – «Әулиеата» ЖШС. Бұл базаға құйылған жанар-жағармай Әулиеата халықаралық әуежайынан ұшақтарды дизель отынымен қамтамасыз етеді. 

Ал екінші жеке кәсіпкердің мұнай базасына ай сайын шамамен 50-60 вагондай жанаржағармай жеткізіліп, өңірдегі жанармай құю бекеттеріне таратылады.

– Станцияның жұмыс ырғағы жыл он екі ай бұзылған емес. Кешегі карантин кезінде де жүк тасымалы айналымында өзгерістер болған жоқ. Тек жолаушылар тасымалы пойыздары тоқтады. Ал қазір ол да өзінің желілік кестесімен жүріп жатыр. Алматы, Шымкент, Қарағанды бағыттарындағы пойыздардың барлығы бізден өтеді. Станциядағы жүк тасымалы негізінен осы бағытта жүреді. Бұдан бөлек, Жамбыл, Тараз, Бурыл, Шу, Бірлік станцияларынан тиелген көкөніс өнімдері де Құмшағал арқылы өтеді, – дейді станция бастығы Асылхан Сүттібаев. 

1989 жылдан бері осы станцияның «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген тәжірибелі теміржолшы пойыз құрастырушы, станция кезекшісі қызмет сатыларынан өткен. 

Асылхан Кемешұлының сөзіне қарағанда, жақында ғана күзгі бақылау-тексеру жұмыстары аяқталған. Арнайы комиссия мүшелері мұндағы шаруаларға оң баға беріпті.

«Жылу қазандығымыз электр жүйесімен жұмыс істейді. Жылыту маусымына сақадай саймыз десек те болады. Техникаларымыздың әзірлігі де барынша пысықталған. Теміржолшылардың арнайы киімі де жеткізіліп, қоймамызда сақтаулы тұр», – дейді.

Құмшағал станциясы ғимаратының ірге қалағанына талай жылдың жүзі болғанмен, іргесі берік. 2008 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, есік-терезесінің барлығы заманауи материалдармен ауыстырылған.

Станцияда еңбек ететін 13 теміржолшы жыл сайын көктемгі және күзгі байқауға орай тазалық, абаттандыру, көркейту шараларын ұйымдастырып тұрады.