Қызылорда ЖТ бөлімшесіндегі Тереңөзек станциясы – 3-ші класты аралық бекет. Станцияның бес жолының екеуі негізгі жол саналады, жолаушы пойыздарын күтіп алып, шығарып салуға бағытталған. Бекеттің өзге жолдарында, кірме жолдарда жүк вагондарын жылжымалы құрамнан ажырату, құрамға тіркеу жұмыстары атқарылады.
Тереңөзек станциясын бірнеше буынды теміржолшылар әулетінің өкілі, тәжірибелі теміржолшы Мұрат Болатбекұлы Мәліков басқарады. Шағын бекеттің жыл басынан бері атқарған жұмыстары көңіл тоғайтарлық. Станцияда жүк пойыздарынан бөлек Қызылорда-Астана, Ақтөбе-Алматы және Алматы-Орал бағытындағы жолаушы пойыздары аялдап, жолаушылар тасымалы қоса атқарылады.
Бекет басшысы станция жұмысын тыңғылықты ұйымдастыра біледі. Бүгін де станция басында, теміржолшылар арасында кездестірдік. Жүк түсіруге жөнелтілген кірме жолдағы вагонды алу, маневрлік жұмыс жасалатын станциялық жолда тұрған екінші бір вагонды тапсырыс иесінің тұйығына жөнелту секілді жұмыстың бәрі станция кезекшісі мен маневрлік тепловоз машинисінің өзара ымыраласып жұмыс атқаруымен нәтижеленетіні белгілі, сондықтан олардың жұмысын қадағалау да бекет басшысының назарында.
Бекеттің қызметіне өңірдегі «Тереңөзек мұнай», «ИткТранс», «Уголсбыт», Құмкөл кенішінен мұнай өнімдерін тасумен айналысатын «Саутсоил» секілді мекемелер тапсырыс жасап, теміржол тасымалына жүгінеді екен. Алдағы уақытта теміржол тасымалының қызметі пайдаланушыларды көбейту мақсатында «Шапағат-астық» серіктестігімен келісім жасалып, алдағы күндерде тапсырыс алынады деп күтілуде.
– Біздің аралық бекетте маневрлік жұмыстар, құрамнан вагондарды ажыратып қосу жұмыстары жасалады, дегенмен жұмыстың басым бөлігі вагондардан жүк түсіру бағытында атқарылуда. Жыл басынан бері 131 жабық вагоннан, 88 жартылай вагоннан және 155 цистернадан түрлі жүк түсірілді. Ауысыммен жұмыс жасайтын біздің теміржолшылар бекетке келген жүк вагондарын кідіріссіз қабылдап, белгіленген мерзім аралығында ол вагондарды жүгінен босатылып құрамға қайта тіркейді. Бәрі де өз ісінің майталмандары, кездейсоқ адам жоқ бізде, – деп әріптестерімен мақтанды станция бастығы.
Айтса айтқандай, бекеттің жұмысының нәтижелі болуына станция кезекшісі Сейткерей Бекбауов, тауар кассирі Мәдина Қауышова, аға жүк қабылдаптапсырушы Жанар Үсенова, пойыз құрастырушы Шапағат Әсербаев сынды тәжірибелі де кәсіби теміржолшылардың қосып жатқан үлесі аз емес екені белгілі. Демек, алып компанияның тасымалында шағын бекет Тереңөзектің де үлесі бар.