Манкент станциясы. Мегаполистің қақпасы іспетті

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкенттің іргесіндегі Манкент станциясы мегаполис атанған үлкен қалаға кіреберіс қақпа сынды. Сондықтан мұнда халық өте тығыз орналасқан. Мұндай жерде, әрине, қауіп-қатер де аз болмайтыны түсінікті.

Дегенмен, станциялықтардың қауіпсіз жұмысты қамтамасыз ете білулерінің арқасында биылғы жылы мұнда адам басу, басқадай апатты жағдай орын алмаған. Жүк тасымалы жұмыстарына келетін болсақ, пойыздар қозғалысының да қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі жоғары және станция арқылы жөнелтілетін жүктердің сақталуы да ойдағыдай, көрсеткіштер жоспарға сай орындалып отыр.

Мәселен, жүк тиеу жоспары 1125 вагон болса, орындалғаны – 1176 вагон, ал жүк түсіру 6674 вагон, іс жүзінде 5987 вагонға орындалған.

Бұдан басқа, Манкент станциясынан қауіпті жүк артылған цистерналар 108 вагонды құрады. Вагондарды ағыту жұмыстары кезінде цистерналардан ешқандай ақау шықпаған, сұйықтықтар төгіліп, рәсуа болған жайт орын алмаған. Цистернаның қақпақтары тығыз жабылып, апат болатындай жарықшақтар байқалмаған. Мұның бәрі де вагон қараушылар мен станция қызметкерлерінің қырағы жұмысының нәтижесі деуге болады. 

Манкент станциясынан тиелетін жүктер әртүрлі, бидай, ұн, бензин, сусын түрлері, цемент, газ, кондитерлік өнім, көмір, битум, дизельдік жанар-жағармай, автомобиль, селитра, тыңайтқыш, құрғақ қоспалар, су, т.б. жүк түрлері жыл он екі ай бойы артылады. 

Жалпы, жүк тасымалының мүлтіксіз сақталуы және діттеген жеріне дер кезінде жеткізу – теміржолшылардың ең басты міндеті. Жыл басынан бері станцияда ешқандай жүк тасымалдарының ұрлық-қарлығы орын алмағаны да манкенттіктердің жетістігі десек жарасады. Станция паркіндегі құрал-жабдықтар мен жүктердің қолды болмауы үшін теміржолшылар жақын маңайдағы учаскелер мен пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы жергілікті халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мектептер мен әкімдікте өткізген жиын барысында теміржолдың аса қауіпті екендігін, абайламаса ажал құштырып, адам өліміне алып келетін қайғылы жағдайлар аз емесін нақты мысалдармен жеткізіп отырады. Сонымен қатар, теміржол мүлкін ұрлап ұсталғандарға құқық қорғау органдары ірі көлемде айыппұл салып, жауапқа тартылатыны да жиі ескертіліп отырады.