Сексеуіл станциясы: төрт бағытқа тармақталған

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда жүк тасымалының солтүстігіндегі Сексеуіл бекеті жұмыс санатына қарай төрт бағытта жүк жөнелтуге бейімделген өндірістік станция саналады. Бірнеше ауысыммен жұмыс жасайтын теміржолшылар өздерінің кәсіби міндеттеріне әбден дағдыланған.

Соның нәтижесі – сексеуілдік теміржолшылар маневрлік және пойыздық, өндірістік жұмыс барысында пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына жол бермей, биылғы жылды табысты қорытындылауға жақын. Қараша айында 82 вагонға жүк тиеу межесін 96 вагонға жеткізіп, жоспарды 117 пайызға асыра орындады. Ал 1618 тонна жүк түсіру жоспарын 1622 тоннаға жеткізіп, межені 100,9 пайызға орындады. Басқа да негізгі өндірістік жұмыс көрсеткіштері түгел жоспардан асыра орындалуда. Бұл жайында бекет басшысының орынбасары Абдулхамит Тұрмантаев ұсынған мәліметтерде де көрсетіліпті. Маман ұсынған мағлұматтар сексеуілдік теміржолшылардың жұмысы жоспарға сай, тыңғылықты екенін дәлелдейді. 

– Біздің станция қараша айында 361 пойызға 18368 вагон тіркесе, он бір ай ішінде 3746 пойызға 201228 вагон тіркеп, бекетке аялдаған жүк пойыздарына қатысты жұмыстарды толық атқарды. Станциядан жөнелтілетін жүк пойыздарын төрт бағытқа сай құжаттарын рәсімдейтін мамандар жөнелту құжаттарын қазіргі сандық жүйеге сәйкес атқарып рәсімдеуде. Және де аймақтағы санитарлық ахуалға байланысты сақтық шаралары қатаң сақталып жұмыс жасалуда, – дейді Сексеуіл станциясы бастығының орынбасары Абдулхамит Тұрмантаев. 

Сексеуіл станциясы теміржолшылары орта есеппен әр ай сайын 300-ден аса жүк пойыздарын қабылдап, оларға қатысты құжаттарды рәсімдейді. Вагондарды бағытқа сай құрамнан ағытып, оларды жаңадан қайта құрастырып, Арыс, Бейнеу, Шалқар және Жезқазған бағыттарына жөнелтеді. Жылдың қай мезгілі болмасын тоғыз жолдың торабы дерлік станцияда жұмыс бір тынбай, күні-түні қайнап жатады, ал теміржолшылар соның үдесінен шығып, өз кәсіптерін ұршықтай үйіріп отыр. 

– Жалпы біздің станция теміржолшыларының бәрі – өз кәсібін жете меңгерген, білікті де тәжірибелі мамандар. Олардың қатарында пойыз құрастырушы Азамат Иманғазиевті, тауар кассирі Күләнда Кабулованы, техкеңсе маманы Күміс Ұзақбаеваны, станция кезекшілері Ибадулла Бәйменов пен Асылбек Есмамбетовті, парк кезекшісі Сермағанбет Талдықбаевты ерекше атап өтер едім. Бұл осы станцияның «отымен кіріп, күлімен шығып» дегендей тер төгіп жүрген кәсіби мамандарға көрсетілген құрмет болмақ, – деді станция бастығының орынбасары. 

Сексеуіл бекеті теміржолшыларының берекелі тірлігі бөлімше мен компания басшылығы бекіткен өндірістік тапсырмаларын мінсіз орындауға ықпал жасауда. Ұжымды өндірістік жұмысты шебер ұйымдастырушы, бірнеше мәрте саланың үздік басшысы атанған тәжірибелі теміржолшы Бауыржан Баянов басқарады.