Мақтаарал станциясынан тек мақта тиеледі

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Мақтаарал станциясын екінің бірі біле бермейді. Оңтүстік өңірінің ең ыстық нүктесіндегі бұл шағын бекет, теміржолшылардың тілімен айтқанда, түкпірдегі тұйық станцияға жатады. Бүгінде станция бастығымен қосқанда 11 теміржолшы еңбек етеді. 

Жолаушы пойызы жүрмейтін, жүк құрамалары да сирек жүретін станцияда 4 станция кезекшісі, 2 пойыз құрастырушы, 1 жүк қабылдап алушы, 2 пойыз қабылдап алушы және 1 жүк кассирі бар. 

Станция бастығы Ғабит Сүйінов жыл басынан бері 288 вагон, 16997 тонна мақта артылып, 4557 вагон, 276874 тонна жүк түсірілгенін жеткізді. Небәрі төрт жолды станциядан тек мақта өнімі ғана артылады. 

Аты айтып тұрғандай, оңтүстікте мақта өсірумен айналысатын аудан болғандықтан негізгі өнім де осы мақта. 

Станцияда ағымдағы жылы қозғалыс қауіпсіздігі бұзылмаған, ешқандай да ақау, апат оқиғасы орын алмаған. Жолшылар станция жолын күтіп-баптап ұстаса, ШЧ мен ЭЧ жұмысшылары байланыс жүйесін бақылауда ұстап, қуат көзімен үздіксіз қамтамасыз етіп тұрады. 

– Шағын ғана станцияда он шақты теміржолшы еңбек етеміз. Жүк көп тасымалданбайды, вагон ағытып, жөндемейміз. Қозғалыс аз болған соң мал басып кету, адам қағу оқиғалары да жоқтың қасы. Дегенмен, станция АСУ ДКР жүйесіне қосылған, қағазсыз технологияның қызығын біз де көріп жатырмыз. Карантин кезінде де жұмысты жоспарға сай орындадық.

Тазалық пен сақтық шараларын қатаң ұстанамыз. Әр маусымға сай теміржолшылар қыстық-жаздық киімдермен қамтылады, – деп ақпар берді Мақтаарал станциясының бастығы Ғабит Сүйінов. 

Айта кетейік, Мақтаарал тіпті де тұйық станцияға жатпайды. Кезінде Орта Азияға қатынайтын халықаралық бағыттағы жолаушы пойыздары жүретін станция үстімен кешеге дейін Алматы-Нүкіс пойызы да жүріп тұрды. Екі мыңыншы жылдары Өзбекстан темір жолынан Қазақстанға қайтарылған Дарбаза, Жылға, Сарыағаш станцияларына да осы Мақтаарал арқылы қатынап тұрды. 

Күні кеше «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы Дарбаза-Мақтаарал темір жол желісінің жүк өткізу қабілетін арттыруды қолға алды. Сондықтан осы халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан шекаралық станциялардың логистикалық инфрақұрылымы ұлғайтылады деген ақпарат пайда болды. Бұл мақтааралдықтар үшін жағымды жаңалық болып отыр. Өзбекстанға бағытталған транзиттік тасымалдың негізгі жүк ағыны Сарыағаш мемлекетаралық түйісу станциясы арқылы өтеді. 

Дегенмен, соңғы жылдары шекарадағы станцияның өткізгіштік қабілеті тарлық етіп, вагондар сыймай жатқаны да жасырын емес. Сондықтан «Ұлттық компания қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасындағы темір жол телімдерінің өткізгіштік қабілетін арттыру үшін Дарбаза-Мақтаарал жаңа темір жол желісін салуды қарастыруда. Бұл Сарыағаш-Ташкент теліміндегі жүктерді қайта бөлуге, Сарыағаш станциясына түскен жүктемені азайтуға және аталған бағыттың өткізу қабілетін көбейтуге мүмкіндік береді» деген жаңалық түкпірдегі станция теміржолшыларын да елеңдетіп отыр. Мақтааралдың да бағы жанып, жүк көбейетін күн туар деген үмітте.