Шалқар станциясы: үш бағытқа қызмет көрсетеді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбенің жүрегі аталатын Шалқар станциясы – екінші класты учаскелік станция. Елдегі төтенше жағдай, карантиндік шаралар кезінде де жұмыс тоқтаған жоқ. Облыс орталығынан 365 шақырым қашықтықта жатқан Шалқар ауданы өңір бойынша халық саны жағынан алғашқы үштікте. 50 мыңға жуық тұрғыны бар ауданда теміржол – кенттің басты тіршілік көзі болып саналады.

Олай дейтініміз, жергілікті тұрғындардың дені теміржолда жұмыс істейді. Мұндағы елдің әлеуметтікэкономикалық дамуына қосатын теміржол саласының салмағы орасан. Бір теміржолшы екі отбасын асырап отыр деуге болады. Торапта жол дистанциясы, вагон жөндеу депосы, сигнализация және байланыс дистанциясы, электрмен жабдықтау дистанциясы, өрт сөндіру пойызы, вокзал шаруашылығы, әскерилендірген күзет, тағысын тағы мекемелер бар. Бір ғана станцияда 80 теміржолшы еңбек етеді. 

Станция Шалқар-Сексеуіл, ШалқарТассай, Шалқар-Жем бағыттары бойынша жұмыс істейді. Тәулігіне 25- 30 пойызға қызмет көрсетіледі. Станцияда жыл сайын жұмыс өнімділігі артып, көрсеткіш өскен. Жүк қабылдау, жүк түсіру, транзиттік пойыздармен жұмыстар жоспарға сай орындалып келеді. 

Станция басшысы Жолдыбай Ізтілеуовтің айтуынша, карантин кезінде де жұмыс кідіріссіз болды. 

Ауысымдағы жұмысшылар 12 сағат бойына тоқтаусыз жұмыс істеген. 

«Жергілікті жерден тиелетін жүктерді де уақытында түсіруге беріп, тиеген вагондарды жіберіп отырамыз. Вагондарды уақытылы ағытып-тіркеу және оларды белгіленген уақыттан артық тұрмауын басты назарға алғандықтан жұмыс жүйелі жүруде. Станцияда екі маневрлік тепловоз бар. Барлық жұмысқа үлгеріп жатыр», – дейді станция бастығы. 

Станциядағы маневрлік қозғалыстарды реттеп, тіркелетін, ағытылатын вагондардың жүйелі жұмысын бақылап отыратын меневрлік диспетчер Аян Райдың айтуынша, жұп паркі жолаушылар пойызына арналған, тақ паркте жүк пойыздарымен жұмыс жасалады. Пойыздар Тассай, Сексеуіл жағынан көп келеді. Мұндағы төртінші жолда еңбекші пойызы қабылданады.

VI,VII, VIII жолдар қалған вагондарға арналған. Тоғызыншы жолға өрт сөндіру пойызы тұрады.

 «Ақтөбе бөлімшесі бойынша негізгі салмақ Шалқар станциясына түседі. Мұғалжардың вагондарын

бөлек, Бершүгірдің вагондарын бөлек,

Алабастың вагондарын бөлек дайындаймыз. Тассайдан келетін вагондармен де жұмыстар осы жерде жасалады. Тассайдан негізінен тақ пойыздар келеді. Бізден ол жаққа жұп пойызы жөнелтіледі. Станцияда екі маневр жұмыс жасайды. Тәуліктік графикпен пойыздардың келіп-кетуі бақыланып отырады, жұмыс ырғағы қалыпты, еш кідіріс жоқ», – дейді станцияның маневрлік диспетчері Аян Рай. 

Учаскелік станцияның Бершүгір, Мұғалжар аумағында ірі көлемде жүк тиеу жұмыстары жиі жүреді. Жұмыстың артуымен қызметкерлер саны да арта түскен. 

«2008 жылы ұжымда 57 адам болатын. Қазір 80 адам жасайды. 2014 жылдың тамызынан үш бағытқа қызмет жасай бастаған соң қызметкерлердің де саны өсті. Жұмыс ауқымы көбейді. 

Ұжымда тәжірибелі мамандар көп. Көпшілігі жоғары білім алған. 

Қызметкерлердің орташа жасы – 40- 45. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, оларды бір жұмыстан екінші жұмысқа ауыстыру Ақтөбедегі орталық арқылы шешілді. Себебі, станцияның есепшісі де, кадр маманы да қалада», – дейді станция басшысы. 

Шалқар станциясын 2008 жылдың шілдесінен басқарып келе жатқан теміржолшы еңбек жолын 1988 жылы теміржол техникумын бітіріп келген соң осы станцияда машинист көмекшісі болып бастаған екен. Кейін вагон құрастырушы, пойыз диспетчері қызметтерін атқара жүріп тәжірибе жинақтап, жоғары білім алған. Теміржолшылар династиясын жалғастырушы. Әкесі де, атасы да осы салада, бірі 42 жыл, бірі 43 жыл еңбек еткенін, атасы соғыс жылдары майдан даласына жүк тасыған «Ленин» орденді теміржолшы болғанын мақтанышпен айтады, 2013 жылы Құрметті теміржолшы атанған Жолдыбай Ізтілеуов.