ҚазККА-ның басына бұлт төнді ме?

Динара Желдібаева

Динара Желдібаева

Білім және ғылым министрлігі елімізде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жоғары оқу орындарының білім беру сапасын қатаң тексеруден өткізіп, лицензиясынан айыруды қолға алғанына талай жыл. «Қара тізімге», өкінішке орай, 90 жылдық тарихы бар және теміржол саласына негізгі мамандарды дайындайтын бірден-бір оқу орны М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы да ілініп отыр... 

ҚР БҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті жасаған мәлімдемеге қарағанда, жыл бойы Академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, оқу процесі профессорлықоқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Нәтижесінде Академияның білім беру бағдар-ламасы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді деген. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігіне осы университетте «оқыған» шетелдік студенттер де шағымданған. Олар оқу ақысын төлесе де, іс жүзінде Академияда оқымаған болып шыққан. 

БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова бірінші кезекте студенттердің сапалы білім алу құқықтары мен мүдделері ескеріледі.

Білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып ауыса алады, сондайақ ақылы негізде оқығандар үшін оқу құны артпайды дейді.

Алайда, академия басшылығы министрліктің шешімімен келіспейтіндерін жеткізді. Өткен аптада БАҚ өкілдерін шақырып, қалыптасып отырған жағдайды түсіндірді.

Оқу орны басшылығының сөзіне қарағанда, министрлік оқу процесін ұйымдастыруға қойылған талаптарды уақытынан кешігіп берген. Академия проректоры Андрей Иванов:

«Еліміздегі жетекші оқу орнының білім беру қызметін тоқтату мүмкін емес. Біз жоспарлы және жоспардан тыс тексеру барысында анықталған кемшіліктерді биыл ақпан айында жойдық. Бұл фактіні БҒМ комиссиясы растады. Барлық көрсеткіш талапқа толық сәйкес келеді. Оған бірталай рейтингте көш бастап тұрғанымыз дәлел. Қазіргі кезде КазККА мен практикалық базалары кәсіпорындары арасында 300-ден астам шарт жасалған. Олардың ішінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ т.б ірі мекемелер бар. Өткен оқу жылында 1189 түлек бітірсе, оның 71 пайызы жұмысқа орналасты. Еңбек нарығында біздің мамандарға сұраныс жоғары», – деді.

Сондай-ақ, проректор «материалдық базаның сапасы сын көтермейді» деген пікірмен де келіспейді. «Кітапхана қоры біліктілік талаптарының шартына сәйкес келеді. Оқу-әдістемелік әдебиетпен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Қорда миллионға жуық кітап бар, ал электронды қор 5 мыңнан астам», – деген мәлімет келтірді.

Ал оқу орнында профессорлықоқытушылық құрам саны – 266. Оның ішінде ғылым докторлары – 20, ғылым кандидаттары – 113, PhD докторлары – 15. Бұдан бөлек аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) жүргізген жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі бойынша ҚазККА 13-ші орында тұр. Тағы бір мәселе – академияда оқымаған студенттердің орнына шетелдік студенттердің ақы төлеп оқығаны туралы ақпарат та шындыққа сәйкес емес, шетелдік студенттерге ақшаны қайтаруға байланысты мәселені шешу үшін дер кезінде шара қабылданған, алайда, індеттің өршуіне орай оқу процесінің қашықтан оқуға көшуіне байланысты түйткілдер туындады. Сондықтан министрлік айтқан шағымда ешқандай негіз жоқ, деп уәж айтты ҚазККА өкілдері.

Қысқасы, басшылық оқу орнын сақтап қалуға күш саламыз деп отыр. Қалай болған күнде де ертеңгі сала мамандары деп үміт еткен 6 мың студенттің жағдайы теміржолшыларды да алаңдатары анық.