KTZ Express жаңа контейнер қызметін ұйымдастырды

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

KTZ Express қытайлық Цзиньхуа Чжэжун халықаралық логистикалық даму компаниясымен бірлесе отырып, Транскаспий бағыты бойынша жаңа контейнер қызметін ұйымдастырды. 

Цзиньхуа-Баку мультимодальды маршруты қазақстандық Алтынкөл шекара станциясы мен Ақтау порты арқылы өтеді. Әрі қарай, Каспий теңізі арқылы контейнерлер Әзербайжанның Баку портына, одан Абшерон станциясына барады. 

Жаңа қызметтің басты артықшылығы, әрине, жылдамдығы. Контейнерлер діттеген жеріне небәрі 10-12 күнде жетеді екен. Бұл дегеніміз бұрынғы маршруттармен салыстырғанда үштен бір есе жылдамдықты құрап отыр. 

Мультимодалды компанияның қолға алған екінші бір жобасы «Кедентранссервис» АҚ-мен бірлесе отырып жүзеге асырылуда. Ол – Алтынкөл станциясынан апта сайын жөнелтілетін ҚХР-Алтынкөл-Мәскеу түйінінің станциясы бағыты бойынша жаңа тұрақты контейнерлік сервисінің іске қосылуы. 

Бұл сервис талабына сай контейнерлік пойыз жол-жөнекей аз аялдап, межелі пунктке дейінгі 4431 км қашықтықты бір апта шамасында жүріп өтеді. KTZ Express мамандары жаңа сервистің артықшылықтарының бірі жүктің сақталуы жоғары деңгейде қамтамасыз етілетінін және жеткізілу уақыты автомобиль көлігімен шамалас екенін айтып, оған қоса тасымалдау құны да клиенттерге қолайлы екенін жеткізді. 

Компанияның халықаралық бағыттағы тасымалдарға ғана қатысты емес, ел ішіндегі клиенттерге де айтар жағымды жаңалығы бар. Ол – шаттлпойыздардың қатынау мерзімділігінің артуы. Енді Алматы-1-ден Атыраудың Ақжайық, Махамбет; Алматы-1-ден Ақтау порты, Маңғыстау, Өзен; Алматы-1-ден Ақтөбе-1,2, Жіңішке, Орал қатынасындағы шаттл-пойыздар аптасына үш рет қатынайтын болады. 

Пойыздар әр сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері жөнелтіледі. Осы ретте, KTZ Express мамандары вагондардың жол жүру кестесіне байланысты және «ҚТЖ» ҰК» АҚ желісі бойынша нұсқаулықтар мен тасымалдарды ұйымдастыру үшін қызмет көрсету шартына сәйкес вагондарды қосуға қатысты өтінімдерді пойыздар жөнелтілгенге дейінгі екі жұмыс күнінен бұрын жолдау қажеттігін ескертеді. Клиенттер барлық қажетті ақпаратты «KTZ Express» АҚ сайтынан тауып, өтінімдерді корпоративтік поштаға жолдауларына болады.