Жемқорлық жарға жықты

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

«ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Сарышаған жол дистанциясының директорына ірі көлемде қаражат жымқырды деген айып тағылды.

Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі бұған дейін Сарышаған жол дистанциясының (ПЧ-48) директорына қатысты тергеу амалдарын жүргізген. Аталған лауазымда болған Т.Қыдырбаевқа теміржол қосқышының жанар-жағармай материалдары мен жаңа металл бөлшектерін негізсіз есептен шығару арқылы жалпы сомасы 16 миллион 78 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген күдік келтірілді.

Тергеу-тексеру жұмыстары барысында шығын толығымен қалпына келтірілді. «26 желтоқсан күні Қарағанды облысының Приозерск қалалық соты Т.С.Қыдырбаевты ұрланған қомақты қаржыға байланысты айыпты деп таныды. Оның мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығы шектетіліп, жеті жылға бас бостандығынан айырылды» делінген ресми хабарламада. Қаражат жымқырамын деп құрықталған теміржолшының тағдыры басқаларға сабақ болса игі. Жемқорлық індет дейміз, ендеше індетті жою да міндет.