Тексеріс нәтижесі нені көрсетті?

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Жемқорлыққа қарсы Жол картасы аясында ұлттық компания жанынан құрылған ревизорлар тобы 2019 жылдың 15 тамызында қызметін бастаған күннен 31 желтоқсанына дейінгі аралықта 2029 пойыз құрамын тексеріпті. Соның барысында билетсіз жолаушылар тасымалының 127 фактісін, жалпы салмағы 10 тоннадан астам жүк пен жүк багажының дұрыс ресімделмеуі бойынша 48 фактіні және вагондардың санитарлық-техникалық жағдайына байланысты 2,5 мыңнан астам бұзушылықты анықтаған.

Темір жол көлігіндегі жолаушылар тасымалына қатысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде теріс пікірлер соңғы жылдары көбейіп кеткені рас. Солардың ішінде билет тапшылығы мен оларды алып-сату, жолаушылар пойыздарында жүктердің дұрыс ресімделмеуі, төсек-орындар сапасының төмендігі, вагондардың санитарлық-техникалық жағдайының нашарлығы жиі сөз болады.

Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін былтыр наурызда ҚР Индустрия және инфра-құрылымдық даму министрлігі сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігімен және «ҚТЖ» компаниясымен бірлесе отырып Жол картасын бекіткен болатын. Аталған Жол картасы арқылы темір жолдағы жолаушылар тасымалы саласында сыбайлас жемқорлықпен күрестің басым бағыттары айқындалған.

Осы құжат арқылы шешімі қарастырылған мәселелердің бірі – ревизорлық қызметтердің ұйымдастырушылық бағыныштылығын өзгерту және күшейту болды. Бұл қадамның қажеттілігі пойыз бригадалары қызметкерлерінің тарапынан жолаушылар тасымалы кезінде жіберілетін қызметті теріс пайдаланушылық әрекеттерге байланысты туындаған.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ревизорлық қызметіндегі кейбір қызметкерлер сондай фактілердің жолын кесудің орнына билетсіз жолаушыларды және ресімделмеген багажды тасымалдау жағдайын жасырып қалуға ықпал еткендері ешкімге де құпия емес.

Соған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы былтыр мамыр айында жолаушылар пойыздарын қарауға уәкілеттілігі бар штатты толықтай жаңарта отырып ұлттық компания жанынан тәуелсіз құрылым құру туралы шешімге келген.

Ревизорлар құрамы бұрынғы штат санынан екі есеге дерлік қысқартылып, жаңа мәртебе ала отырып, өткен жылы өз қызметтеріне кірісті. Бүгінгі таңда пойыздарды тексеруді негізгі жолаушылар бағдарлары бойынша он топ жүзеге асырады.

– Барлық анықталған бұзушылықтар ұлттық компания мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ, «Қаламаңы тасымалы» АҚ басшылығына мәлімделеді. Кемшіліктер бойынша қызметтік талқылау ұйымдастырылып, оларды жою шаралары қабылданады. Еңбек келісімшарттары талаптарын бұзғаны үшін пойыз бригадаларының 28 қызметкері жұмыстан шығарылды. 56 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді бас менеджерлердің бірі Асылхан Жанатұлы.