Семей станциясында онлайн кеңес өткізді

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жуырда Семей станциясындағы ЖПб КПб жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Еркебұлан Құдайбергенов қалалық ішкі саясат бөлімінің маманымен бірлесіп, скайп қосымшасы арқылы «Экстремизм, терроризм көріністеріне қарсы іс-қимыл және оның алдын алу» мәселесі бойынша онлайн кеңес өткізді. 

Жиынның ең басты мақсаты өзекті мәселені барынша кең ауқымда талқылап, экстремизмге және терроризм фактілерінің алдын алу, осынау орайда өткізіліп жатқан бағдарламалардың маңыздылығын арттыру болды. Шараға бөлімше бойынша жауапты мамандар, жекелеген бөлімдер басшылары қатысып, өзара талқылау өткізді. 

Жиын барысында дәстүрлі Ислам дінін бұрмалап, халық арасында теріс үгіт-насихат, яғни, заңсыз миссионерлік жұмыс жүргізу фактілерінің алдын алу жайы талқыланды. Сонымен қатар, дәстүрлі дінді ұстанатын адамдар мен деструктивті діни ағым өкілдерін ажырата білу жайы да кеңінен сөз болды. 

Сол тәрізді теміржол мекемелеріне жұмысқа орналасатын үміткерлердің діни көзқарасын айқындау және де жастар арасындағы діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу жұмыстарының жай-күйі талқыланды. 

Басқосу барысында нақтыланғандай, қазіргі таңда Семей өңірі бойынша діни ахуал біршама тұрақты. Әйтсе де, аталмыш бағыттарды әлі де осы қарқынмен жүргізе берудің маңыздылығы жоғары.