Пайданы емес, арды ойла...

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Азаматтық қоғам құру – бүгінгі күннің басты талабы. Оған жемқорлықты түп тамырымен жою арқылы қол жеткіземіз. Ақтөбе ЖТ бөлімшесінде өткен кезекті жиын осы тақырып төңірегінде өрбіді. Астанадан арнайы келген ақпараттық топ теміржолшылармен кездесті.

Қоғам қайраткерлерінен құралған штаб теміржолшылар алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесін тілге тиек етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық ақпарат-ағартушылық штабын агенттік төрағасының кеңесшісі Ырза Тұрсынзада мен агенттік өкілі Арман Бердалин секілді елге есті сөз айтар азаматтар бастап келген.

«Егер алдыңызға таңдау түсетін болса, сізге біреу пара ұсынып отырса немесе біреуден пара алғыңыз келетін мүмкіндік туған кезде, алдымен ойлан. Пайданы емес, алдымен арды ойла. Үйіңде ертең жылап қалатын ата-анаңды, еңіреп қалатын жарыңды, қаңырап қалатын шаңырағыңды, жәутеңдеп қалатын балаларыңды ойла. Ей, азаматтар, ел аманаттап тапсырған қызметті, жауапкершілікті адал атқарайық. Ешкім сізге ол ақшаны «өркенің өссін» деп бермейді, «желкеңнен шықсын» деп береді», – деген Арман Бердалиннің сөзі сүйектен өткендей еді...

Агенттік өкілдері жиында өткен жылы тіркелген келеңсіз деректерді еске салды. Теміржолшылардың арасында да, өкінішке орай, сыбайлас жемқорлыққа жол берілген оқиғалар жоқ емес екені сөз болды.

«Жемқорлық қоғам қасіретіне айналды. Жеке тұлғаның, адамның басына ғана емес, бүкіл ағайын-тумасының, одан қалды ұрпаққа келетін қасірет болды. Қанша жас әкесінің, туысының жемқорлықпен сотталып кеткенін көріп, жігері құм болып жылап жүр. Лас әрекетпен ұрпағымыздың аппақ қағаздай адал, таза жанын жараламайық, халқым, арам пиғылдан аулақ болайық», – деп ағалық сөзін айтқан кадр бөлімінің басшысы Абзал Ғаббасов ақпараттық топқа көпшілік атынан алғыс айтты.