«Адал жол» анықтаған айғақтар

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Жуырда Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы дөңгелек үстел болып өтті. Жиынға теміржолшылармен қатар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент станциясы ЖПБ өкілдері қатысты.

Бөлімше басшылығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес «ҚТЖ» ҰК» АҚ алдына қойған басты мақсаттарының бірі екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Сондықтан Компания ұстанымы – біздің ұстанымымыз», – деді Шымкент бөлімшесі директорының орынбасары Әділхан Әмірханов.

Айта кетейік, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ арасында теміржол жолаушылар көлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Осы келісім аясында агенттікпен бірлесіп «Адал жол» жобалық кеңсесі құрылды. Мақсаты теміржолдағы жолаушылар тасымалының тиісті жұмыс істеуін, халықтың жолаушылар көлігінде көрсетілген қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, жемқорлықты анықтау, сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу болды .

Сонымен қатар, «Шымкент – адалдық алаңы» жобасы бойынша арнайы мониторинг топ мүшелері және БАҚ өкілдерінің қатысуымен билетті алып-сатушыларды анықтау үшін «Жасырын сатып алушы» акциясы ұйымдастырылды. Акция кезінде Шымкент қаласы аумағында делдалдардың билет сату бойынша бірнеше факті анықталды.

– Жыл басынан қазірге дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен құрылған «Адал жол» жобалық кеңсесі Шымкент қалалық көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, жол бойында жолаушылар пойыздарына рейдтік шаралар жүргізген. Нәтижесінде, билетсіз жүрген 76 жолаушы анықталды. Сондайақ, тасымалдаушылар тарапынан жіберген 115 қағида талаптарының бұзылғандығы анықталды. Осы аталған кемшіліктер негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы 74 хаттама толтырылып, тиісті тұлғалар жауапкершілікке тартылып, миллион теңгеден аса айыппұл салынды, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің аға офицері Асылбек Сәбит.

Дөңгелек үстелде бөлімшенің негізгі басты көрсеткіштерінің бірі жүк тиеу мәселесі де сөз болды. Бұл бағытта сыбайлас жемқорлыққа қатысты оқиғалар орын алса, 95-55-26 немесе 96-62-63 сенім телефонына хабарласу керектігі құлаққағыс етілді.