Шекаралық шектеулер кедергі емес

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Қазақстанның Түркіменстанмен шектесетін нүктесі Болашақ станциясы арқылы жүк тасымалы қайта жандануда. Бүгінде мемлекеттік маңызды нысанға айналған шекаралық станцияда қарбалас жұмыс қызу жүріп жатыр. 

Станцияда Ковид-19 вирусына байланысты алғашқы шектеу шаралары енгізілгелі екі ел теміржолшыларының вагонды қабылдауда қашықтан құжат алмасуы жолға қойылған еді. 30 наурыздан бері құжаттарды рәсімдеу сол үрдіспен жалғасуда. Бұл санитарлық тұрғыда талапқа сай, пайдалы болғанымен, өндіріске кері әсері де жоқ емес. Артықшылығы сол, бұрын екі елге өтетін жүк құжаттарын рәсімдеуде бір пойызға 250 минуттай уақыт жұмсалатын. Енді ол екі есеге дейін қысқарған. Қазір бұл жұмыс баржоғы екі сағат немесе орта есеппен 120 минуттың көлемінде реттеледі. 

Яғни, бұрынғыдай көрші ел теміржолшылары Болашаққа келіп, мұндағы әріптестерімен бірлесе өз еліне өтетін вагонның тиісті талапқа сәйкестігін қарап жүрмейді. Тек машинист пен көмекшісі ғана келеді. Олар да қажет құжаттарды қорапқа салып қашықтан береді. Біздікілер оны қашықтан қабылдап алады. Осылай екі жақтың теміржолшылары бір-бірімен жақын арақашықтықсыз-ақ қажет жұмысын бітіреді. Болашаққа өзге станциялардан қабылданып, Түркіменстанға өтетін вагондарды станциялықтар көрші елдегі әріптестерінің қатысуынсыз өздері біржақты қарайды да жөнелтеді. 

Осының есебінен екі ел өкілдерінің вагондарды қарап, оның өз елдеріне өтетін-өтпейтінін саралап жүруіне кететін уақыт айтарлықтай қысқарды. 

Бірақ мұның бір кемшілігі, Серхатяка мен Болашақ станциялары тұсында бір бірінен қабылданған вагондар санының көбейіп кетуінде болып отыр. Себебі вагондар тек біржақты қабылдағандықтан оны станцияда қабылдаушы тарап өз талаптары бойынша тағы да тексерістен өткізеді. Талабына сай келмегенін кері қайтарады. 

– Бұрын Түркіменстанға тапсырылатын вагондардың техникалық коммерциялық құжаттарына тексерістер жүргізілгенде көрші елдегі әріптестеріміз бірге жүргендіктен ол вагондардың ағытылатыны не ағытылмайтыны осында шешілетін. 

Олар қай вагонды алатын не алмайтыны белгілі болатын. Оның себебі әрқалай, елдеріндегі ерекше шектеулер немесе вагонның техникалық жағдайына байланысты, басқалай да болуы мүмкін. Сондықтан ол вагондарға акт толтырып, Болашақтың басында алып қалатынбыз. Ал қазір жағдай басқа. Бізге келген пойыздың келгенін келгендей өзіміз жөнелтеміз. 

Көршілеріміз вагонды өз еліне барғасын бір-ақ қарайды. Жоғарыда айтқандай себептермен өз талаптарына сай келмейтіндерін кері қайтарады. Ол жақтан келетін вагондар бізде де солай қаралады. Қабылданбайтынын кері жөнелтеміз. Ал бұл өз кезегінде қосымша жұмысты туындататыны белгілі. Локомотивтер де артық маневр жасайды деген сөз. Мысалы, біз биылғы сегіз айда Түркіменстаннан келген 656 вагонды кері жібердік. Өткен жылы салыстырмалы кезеңде ондай 261 вагон тіркелген. Көршілерімізден осы жылы 111, былтыр сол уақытта 50 вагон кері қайтқан болатын, – деген Болашақ станциясының бастығы Мақсат Нұрбеков осындай шекаралық шектеулерге қарамастан Болашақтағы жүк айналымында өсім бар екенін де жеткізді. 

Станция басшысының мәліметінше, жылдың басынан бергі нәтижелер жаман емес. Аталған мерзім ішінде Болашақ станциясынан Түркіменстанға 277 пойыз-12 955 вагонмен 715 052 тонна жүк жөнелтілген. Ал Түркіменстаннан бізге 291 пойыз-13 703 вагонмен 45 181 тонна жүк өткен (2019 жылы 258 пойыз жөнелтіліп, 248 пойыз келген). Болашақтан Түркіменстанға ең көп жөнелтілген жүктер қатарында бидай – 1082 вагон, ұн – 1820, қант – 826 вагон, басқа да картоп, бұршақ, макарон өнімдері, чечевица, арпа, барит концентраты, спирт, қара металл прокаты, жанармай, ауыл шаруашылық комбайны, трактор, құбырлар, дезинфекциялық құрылғылар бар. Ал олардан біздің елге алма, кептірілген жемістер, мата, төсек-орын жабдықтары, ыдыстар, полиэтилен, матор майлары, битум, бояу, т.т. келген.