Қазақстан мен Қытай арасында тасымал көлемі толық жүзеге асты

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Биыл Қазақстан мен Қытай арасында шекаралық станциялар арқылы жоспарланған 19,5 миллион тонна мөлшеріндегі тасымал көлемі толық жүзеге асты. Коронавирус індеті дүрбелең салған күрделі жағдайға қарамастан екі елдің теміржолшылары алға қойған міндеттерін табысты орындады.

 Осылайша, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда биыл жүк тасымалы 11% артып отыр. Алтынкөл және Достық шекаралық станциялары ұжымдарының елеулі еңбегі ескерусіз қалмай, оларды «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының жүк қозғалысы жөніндегі орынбасары, «ҚТЖЖүк тасымалы» ЖШС бас директоры Дәурен Бимов жоспарды мерзімінен бұрын орындағандары үшін құттықтады. 

«Бұл – біз үшін атаулы оқиға. Мұндай көрсеткішке біз халықаралық өткелдердің жұмысты ұтымды ұйымдастыруы мен кәсіби тәсілдемесінің арқасында, сондай-ақ, шекаралық кедендік қызметтермен бірлесе жұмылып, қимылдау нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз», – деп атап өтті басшы құттықтау жеделхатында.

Атап өтетін жайт, биыл шекара маңындағы станциялардың теміржолшылары жүк пойыздарының орташа тәуліктік алмасуы бойынша рекорд орнатты. Мәселен, жазда ДостықАлашанькоу шекаралық өткелі арқылы тәулігіне 18 пойыз, ал Алтынкөл-Қорғас шекаралық өткелі арқылы тәулігіне сегіз пойыз жеткізілді. Бұған дейін Достық-Алашанькоу шекара өткелі арқылы тәулігіне – 16, Алтынкөл Қорғас шекара өткелі арқылы тәулігіне бес пойыз өткізіліп келген болатын.

Қазіргідей қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, «ҚТЖ» ҰК» АҚ жүк тасымалдарын үздіксіз қамтамасыз ету, теміржол тасымалдарының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін барлық резервтерді жұмылдырып отыр. 2021 жылы да тасымалдау қызметін одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар жалғасатын болады. Сонымен қатар республика ішінде және Азия-Еуропа халықаралық қатынасында да жүк көлемін ұлғайту үшін қолайлылық, оның ішінде инфрақұрылымды дамытуға жағдайлар жасалмақ. Сондай-ақ, жүк жөнелтушілермен ынтымақтастықта бола отырып, темір жол, оның ішінде халықаралық тасымалдар процесінде туындайтын әртүрлі мәселелерді оңтайлы шешу қарастырылған.